- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үкімет үйінде Елбасының...
Үкімет үйінде Елбасының Жолдауын жүзеге асыру мәселелері қаралды
5 қазан күні Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін кеңейтілген Үкімет отырысы өтті. Жиынға Президент Әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешев қатысты. Осыған дейін хабарлағанымыздай, Жолдаудың бесінші бөлімі еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға байланысты. Жиын барысында осы тақырыптың шеңберінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев баяндама жасап, Елбасының Жолдауда атап көрсеткен бастамалары еліміздің агросектордағы рөлін жаңа деңгейге жеткізетінін айтты.
«Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан агросекторды мемлекеттік қолдау іс жүзінде бюджетте қарастырылған қаржылардан тұрады – 240 млрд теңге және көктемгі егіс жұмыстарына – 60 млрд теңге. Бүгін Мемлекет басшысы Үкіметке жыл сайын республикалық бюджеттен 100 млрд теңге және Ұлттық банктен бөлінетін 600 млрд теңгеден ауыл шаруашылығы квотасына 200 млрд теңге бөлуді тапсырды. Яғни, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау екі есеге артуда», - деді Өмірзақ Шөкеев.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің алға қойған мақсаты осы қаражаттарды тиімді пайдаланып, басқа да ресурстардың секторға жұмылуының қозғауші күші есебінде әрекет ету. Алдағы уақытта жоспар бойынша, субсидиялау жүйесін өзгертуге байланысты жұмыстар жасалады. Яғни, тиімсіз субсидиялар енді қысқартылады. Қалған субсидиялар мүмкіндігінше жеңілдетіліп, жыл соңына дейін толық автоматтандырылмақ. Дөп басып айтсақ, алдағы уақытта 54-тен тек 34 субсидия түрі қалады.
Аграрлық білім беру сапасын жақсарту мақсатында еліміздегі аграрлық салада білім беретін 3 оқу орны мамандар даярлау мәселесіне жұмылдырылып жатыр. Оларға Назарбаев университетінің үлгісімен дүниежүзілік жоғары оқу орындарының стандарттары енгізіледі. Сонымен қатар, шетелдік озық университеттердің франшизалары тартылады.
Жиын қорытындысы бойынша, Үкімет Елбасының еңбек өнімділігін және өңделген өнім экспортын 2,5 есеге арттыру тапсырмаларын жүзеге асыру үшін бірқатар жұмыстарды жоспарға енгізіп, түпкілікті қолға алды. Осылайша, алдағы уақытта аталған саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, жаңа технологиялармен жарақтау мәселелері бойынша керекті шаралар іске асырылады. Сонымен қатар, бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан жыл сайын кемінде 100 миллиард теңге аударылады.
А. Қажиев