- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Үкімет үшін әндетіп...
“Үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ“. Әнші Ақбота Керімбекова мемлекеттік марапат туралы айтты
Қазақстандық танымал әнші Ақбота Керімбекова Республика күніне орай марапат алып жатқан әріптестері туралы айтып, өзінің неге мұндай атаққа құмартпайтынын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әнші бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
"Жер-жерде шүлен тарату басталды. Құдай-ау, не деген атақтар анау?! "Ерен еңбегі үшін", "Құрмет", "Парасат", "Даңқ". Қазақта сөлкебайға телінбеген сұмдық сөздер қалды ма екен өзі?! Жылына осы атақтарды бәлен жүз адам алады екен. Ала берсін. Бірақ мемлекет жағдайы сонша ерен еңбек жасалынғанға ұқсай ма?! Үйдегілер кейде сұрап қалады "Әндетіп жүргеніңізге 30 жыл, мынадай мыңғырған атақтың біреуі сізге берілмей ме?" дейді", - деп жазды ол желіде.
Әнші өзінің өнер саласына үкімет үшін келмегенін айтты.
"Ай, айналайындар-ай, үкімет үшін әндетіп жүргенім жоқ. Үкімет те өзі үшін ән салмайтындарға бермейтін шығар?! Одан кейін атақтарды түгел алып шыққан кейбір адамдармен мені қатар қойып, халықтың алдына шығарса, халық бірде-бір мемлекеттік атағы жоқ мені танып, құрметтеп кетуі мүмкін. Нағыз бақыт - сол" деп құтыламын. Ойым дұрыс шығар деп ойлаймын. Тағы шындығым үшін "көре алмай отыр" демесе екен. Айтпақшы, қазақ тарихынан да маңызды боп тұрған қазақ TikTok-ындағы легендалары неге алмаған? Неге бермейсіңдер?! Көре алмай жүрсіңдер ме?", - деп жазған әнші "көре алмайды" деп сынайтындарға да жауабын білдірді.
Еске салайық, бұған дейін Ақбота Керімбекованың жас әншілерге сыны туралы жазған едік.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Д. Ибраева