Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қарағандыдағы шахтада болған жарылыс туралы айтты. Мәжілісменнің айтуынша, 1995 жылдан бері "АрселорМиттал" компаниясында Қазақстанның 100-ден аса адамы қаза тапқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті достар, Қарағандыда тағы бір үлкен трагедия. "АрселорМиттал" компаниясына тиесілі шахтада тағы да жарылыс болып, 11 адам қаза тапты, 18 адам ауыр жарақат алып отыр. 1995 жылдан бастап бүгінге дейін осы "АрселорМиттал" компаниясында Қазақстанның 100-ден аса адамы қаза болған. Бұл Миттал мырзаның Қазақстанның азаматтарының өміріне мүлдем немқұрайлы қарауының бір мысалы болып табылады және біздің ұлттық мүддемізге сәйкес келмейтін келісімшарттардың жасауы – міне, осындай біздің халқымыз үшін үлкен трагедияға айналып отыр. Ең негізгісі, біздің барлығымыздың намысымызға тиетіні - "АрселорМиттал"-ға үкімет те, құқық қорғау органдары да ештеңе істей алмай отыр. Бұл болашақта бізге үлкен сабақ болу керек. Осындай инвесторлар Қазақстанға келген кезде олармен келісімшарттардың барлығы біздің ұлттық мүддемізге, біздің азаматтардың мүддесіне сәйкес болу керек. Ал енді қазір осы Арселор Миттал мырзамен тек қана Қазақстанда емес, халықаралық деңгейде күресудің бір әдістерін жасау керек. Біз соны істейтін боламыз. Қазақстан халқына қайғырып көңіл айтамын", - деді Ерлан Саиров.
Еске салайық, Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада жарылыс болды. Қаза тапқандар бар.