Үкімет отставкаға кетеді, вице-президент тағайындалады. Алда не күтіп тұр?

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Еліміздегі саяси өзгерістер тек жаңа заң шығарушы органды жасақтаумен шектелмейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сайлау қорытындысын шығару, Құрылтайдың жаңа құрамын және министрлер кабинетін жасақтау тәртібі Конституциямен, тиісті нормативтік актілермен қатаң регламенттелген.

Сайлаудың ресми нәтижесін Орталық сайлау комиссиясы жариялайды. Құрылтайға 5 пайыздық сайлау шегінен өткен партиялар ғана кіре алады. Жаңа Парламентте партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутат болады. Олардың өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Tengrinews.kz 

Үкімет отставкаға кетеді

Құрылтай жұмысы басталғаннан кейін қазіргі Үкімет өз өкілеттігін тоқтатуға міндетті. Премьер-министр тағайындалғаннан кейін он күн ішінде Үкіметтің құрылымы мен құрамы туралы ұсыныс енгізеді. Президент оның мүшелерін Құрылтаймен кеңескеннен кейін тағайындайды. 

Саясаттанушы Талғат Қалиев бұл процесті былай түсіндірді:

"Бұл рәсім жаңа Конституцияның 69-бабы 1-тармағында қарастырылған: Құрылтайдың жаңа құрамы қалыптасқаннан кейін қазіргі министрлер кабинеті жаңадан сайланған жоғары өкілді органның алдында өз өкілеттігін тоқтатуға тиіс. Отставка министрлердің өз лауазымдарынан біржола кететінін білдірмейді. Жаңа құрам жасақталғанға дейін Үкімет өз міндетін атқара береді".

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін Үкімет отставкаға кететінін растаған болатын. Мемлекет басшысы кадрлық өзгерістер қашан да болатынын, бірақ "жай сылтаумен жұмыстан шығаруға қарсы" екенін мәлімдеді.

Вице-президент тағайындалады

Жаңартылған Конституцияға сәйкес Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізіледі. Мемлекет басшысы оны жаңа шақырылымның алғашқы сессиясы басталғаннан кейін екі ай ішінде Құрылтайдың келісімімен тағайындауға тиіс.

Бұл лауазымға бірқатар қатаң шектеу қойылады: вице-президентке кәсіпкерлікпен айналысуға, жұмысын басқа ақы төленетін қызметтермен қатар алып жүруге, депутаттық мандатқа ие болуға және партияларда мүше болуға тыйым салынады. Мемлекет басшысы өз функциясын мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда оның өкілеттігі осы тұлғаға ауысады.

Сонымен қатар, бұған дейін Президент вице-президент лауазымына кім тағайындалатыны келесі аптаның немесе он күн ішінде белгілі болатынын мәлімдеді.

"Мен оны қазір анық айта алмаймын. Ол белгілі, сіздер жақсы білетін адам болады деп ойлаймын", - деді Мемлекет басшысы Құрылтай депутаттарын сайлауда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтті. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысты. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!