“Үкімет осы жұмыспен айналысып жатыр“ - Тоқаев әлеуметтік жеңілдік туралы

Қасым-Жомарт Тоқаев жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым көлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделгенін, Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика, цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында айтты.

"Қазақстан орта держава ретінде әлемдік тәртіп нығаюына елеулі қосып келе жатқан, дамыған, тұрақты әрі зайырлы мемлекет болып танылды. Сындарлы және жауапты сыртқы саясаттың арқасында еліміздің әлемдік абырой-беделі артып жатыр. Қазақстан төлқұжатының мәртебесі жоғары. Еліміздің азаматтары мен бизнес өкілдері үшін барлық елдің есігі ашық. Сонымен қатар, Қазақстан дүние жүзінде болып жатқан түбегейлі цифрлық өзгерістерге белсене қатысып жатыр. Елордамызда Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты", - деді Тоқаев.

 

Президенттің сөзінше, екі суперкомпьютер іске қосылған, оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі.

"Жаңадан салынып жатқан дата орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды. Біз Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын жүзеге асыруды қолға алдық, жасанды интеллект технологиясы қоғамның барлық саласына енгізіледі. Мұның бәрі – цифрлық, басқаша айтқанда, халқымыздың игілігіне қызмет ететін өркендеген мемлекет құруға бағытталған қадам", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, кейінгі жеті жылда әлеуметтік саланы дамытуға 88 триллион теңге қаржы бөлінген.

"Мұны халықтың әл-ауқатын жақсартуға салынған инвестиция деп қабылдаған жөн. Қазір барлық аймақта, әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық қызметтің сапасы артып келе жатыр. 2019 жылдан бері еліміз бойынша 1259 денсаулық сақтау мекемесі салынды. Конституциямызда ақысыз медициналық көмектің кепілді көлемі туралы айқын жазылды. Еліміздің азаматтары медициналық қызметтің 1 мыңнан аса түрін ақысыз алуға құқылы. Бұл бірегей әлеуметтік көмек десек, артық болмас", - деді Президент.

Сонымен қатар, еліміздің әрбір мектебінде барлық бастауыш сынып оқушылары және әлеуметтік жағынан осал топтағы балалар, яғни бір миллион жеті жүз мыңнан аса оқушы ақысыз ыстық тамақпен қамтылған.

"Елімізде неше түрлі әлеуметтік жеңілдік бар, тіпті олардың кейбірі жымқыру негізінде беріліп жатыр. Сондықтан қазір Үкімет бұл мәселені жан-жақты зерттеп, осы жұмыспен айналысып жатыр", - деді Президент.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!