Үкімет баспана бағасын қатаң бақылауға алды. Енді құрылыс компанияларына пәтер құнын көтеруге тыйым салынбақ. Шектеу кемі үш жылға созылғалы отыр. Әрі мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін қаржы көлемі екі есе өсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Информбюро 31-ге сілтеме жасап.
Осылайша шенеуніктер тұрғын үйді мейлінше қолжетімді қылуды көздеп отыр.
Қай тұрғыдан алсақ та базалық мөлшерлеменің көтерілуі банк секторынан бөлек, сіз бен бізді, тіпті ел Үкіметін де тығырыққа тіреп отыр. Себебі пайыз жоғары болғандықтан, алғашқысына несие беру, тұтынушыға алу тиімсіз. Ал сұраныстың төмендеуі маңызды секторлардың бірін тоқырауға ұшыратуы ықтимал. Сондықтан шенеуніктер арзандатылған ипотекалық несие көлемін екі есеге ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Осылайша "Наурыз" және "Наурыз-Жұмыскер" бағдарламаларына бөлінетін қаржы 500 миллиард теңгеге жеткізілмек.
"Кейінгі аптада азаматтарда ипотека рәсімдеу бойынша қиындықтар туындап жатқаны бәріңізге мәлім. Осыған байланысты Үкімет тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін қолдау туралы шешім қабылдады. Барлық пәтер Баспана маркет платформасы арқылы сатылады. Пәтерлердің бағасы мемлекеттің бақылауында", - деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.
Әрі дәл осы бағдарламалар аясында саудаланатын үйлерге шекті баға қойылады. Ол үшін құрылыс компанияларымен алдын ала келісімшарт жасалмақ. Соған сәйкес, бизнес пәтер бағасын кемі жыл өсірмеуге міндетті. Ал сарапшы Бауыржан Ысқақов шектеу сапасыз құрылыстың көбеюіне ықпал етеді деп отыр. Сондықтан бақылауды күшейтпес бұрын, нарық қатысушыларына қажетті жағдай жасауды ұсынды.
"Мемлекеттің араласуы көп болған жағдайда ол көптеген бөгеттерге әкеп соғады. Мысалға жаңағы бағаның өзі белгілі бір лимиттен аспауы кезінде құрылыс компаниялары қандайда бір сапалы немесе белсенді қызмет жасаудан шектеліп қалады. Міне, осындай факторлар айналып келген кезде сол үйдің бағасына, сапасыз салынуына әсерін тигізеді", - деді экономист Бауыржан Ысқақов.
Сондай-ақ, сарапшы Үкімет пен Ұлттық банк бір ымыраға келіп, ортақ жобаларды қолға алмайынша ахуал түзелмейді дейді. Оның пікірінше, қос ұйымның ұстанымы алдымен соңғы тұтынушыға тиімді болуы керек. Яғни, бірі шешімнің салдарымен, бірі себебімен күреспеуге тиіс.
Ал "Отбасы банк" басшысы 7-9 пайыздық жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдау қараша айында басталатынын айтты. Әрі "Әскери баспана" бағдарламасын қайта іске қосуды жоспарлап отыр.
Сол арқылы жыл сайын кем дегенде жеті мың әскери қызметкерді тұрғын үймен қамтамасыз етпек. Бастысы, жанұя жаңа үйден бөлек, қайталама нарықтан да пәтер сатып алуға мүмкіндік алады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек