Үкімет жаңа KazSat-3R ғарыш байланыс жүйесін құруға 10,4 млрд теңгеден аса қаражат бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоба ұлттық спутник байланыс жүйесі мен телекоммуникация саласын дамытуға бағытталған. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.
Бөлінген қаражат қолданыстағы KazSat-3 аппаратын алмастыратын жаңа KazSat-3R спутник байланыс жүйесін жасауға жұмсалады. KazSat-3-тің пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады.
"Жаңа аппарат ұлттық спутник байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру спутник байланыс желілері мен телерадио хабар тарату жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, халық аз қоныстанған және шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ақпараттық қауіпсіздік деңгейі артып, Қазақстанның технологиялық егемендігі нығаяды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, қазір KazSat ғарыш байланыс жүйесінің мүмкіндіктерін еліміздің ірі байланыс операторлары мен мемлекеттік құрылымдар пайдаланады. Жүйе арқылы телерадио хабарын тарату, дерек жеткізу, мобильді байланыс және интернет қызметі көрсетіледі. Жүйеге 19 байланыс операторы қосылған және телехабар тарату қызметін 2 миллионнан аса абонент пайдаланады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!