Бүгінде еліміздегі барлық мемлекеттік органдар жұмысының бір бағыты экономикамыздың дамуына септігін тигізіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда шешуші рөл ойнайтын бизнеске жайлы жағдай жасауға негізделетіндігі белгілі. Сондықтан да өткен жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Yellow pages rules» қағидасы қолданылып, бұл сектордағы мемлекеттің араласуын шектеу жөніндегі стратегиялық шешім шығарды. Аталған шешімнің іске асырылуына Үкімет пен мемлекеттік, квазимемлекеттік секторлар және басқа да жанама тұлғалар жүзеге асыра алатын 271 қызмет түрінің тізімі анықталды. Мұнан бөлек, Үкімет мемлекеттің экономикаға араласу үлесін төмендету мақсатында өткен жылдың 30 желтоқсанында Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар қабылданған еді. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасу үстінде.
Бүгін ғана Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі қабылданатын шаралар жан-жақты пысықталды. Осы мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында ағымдағы жылы рұқсат беру құжаттары санын 50 пайызға қысқарту жүзеге асырылды. Егер 2014 жылы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң қабылданғанға дейін 1 200-ден аса рұқсат беру құжаттары болса, бүгінгі күні лицензиялар мен рұқсаттардың 315 түрі заңмен бекітілген.
«Бизнеске жүктемені төмендету мақсатында ағымдағы жылдың соңына дейін «бір терезе» қағидасы бойынша рұқсат беру рәсімдерін оңайлату және ақпараттық құралдарды реформалау жөніндегі негізгі амалдарды анықтаудағы қосымша шаралар қабылданатын болады. Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша бизнесті жүргізу үшін жағдайларды жақсарту жөніндегі жұмыстардың аясында 2016 жылдың 29 наурызында заңнамалық түзетулердің төртінші пакеті қабылданды. Олармен банкроттық рәсімдер жеңілдетілген, құрылысқа рұқсат алу кезінде «бір терезе» қағидасы енгізілген, ШОБ үшін тіркеу алымы мен мөр талабының күші жойылған, электр қуаттарына қосылуға техникалық шарттарды беру мерзімдері қысқартылған. Аталған реформаларды іске асыру Қазақстанға әлемнің 189 елінің ішінен 41-орынды алуға мүмкіндік берді»,- деді министр.
Оның атап өтуінше, биыл Парламент талқылауына салық салу және салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіру жөніндегі заң жобасы әзірленген. Құжатта 2017 жылдың соңына дейін 30 мың айлық есептік көрсеткішті құрайтын қосылған құн салығын 2020 жылға қарай кезең-кезеңмен 15 мың АЕК-ке дейін төмендете отырып, қолданыстағы ең төмен шекті мәнді сақтап қалу ұсынылады. Ал Салық кодексінде қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне ерікті қою жөніндегі норманы қайта қалпына келтіру көзделеді. Мұнан бөлек, Заң жобасы отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін және ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдауға бағытталған. Оның салықтық және кедендік әкімшілік ету бөлігінде салықтық және кедендік дауларды сотқа дейінгі реттеу, ҚҚС төлеушілердің барлығы үшін электронды шот-фактураларды міндетті жазып беруге кезең-кезеңмен ауысу, салықтық есептілік нысандарын оңтайландыру жөніндегі түзетулер қарастырылған.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Дағдарысқа қарсы жоспар аясында ағымдағы жылда бизнеске айналма капиталдағы қажеттіліктерді мақсатты қаржыландыру және ескі қарыздарды қайта қаржыландыру, инвестициялық жобаларды іске асыруға, экспорттық және экспорталды қаржыландыруға несиелердің құнын арзандату арқылы тікелей қолдау көрсетілуде. Бұған Елбасының тапсырмасы бойынша 575 млрд. теңге бөлінді. Олардың ішінен 333 млрд. теңге екінші деңгейлі банктер мен қаржылық институттарға орналастырылған. 141 млрд. теңге сомасына бизнес жобалары қаржыландырылған», - деді ол.
Министрдің сөзіне қарағанда, ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыруға 60,3 млрд. теңге бөлінген. Бүгінгі күнге 120 млрд. теңге сомасына 1080 жобаның құны арзандатылған, несие сомасы 11,8 млрд. теңгені құрайтын 483 жоба кепілдендірілген. 2014-2015 жылдары Ұлттық қордан бөлінген 300 млрд. теңге есебінен өңдеуші өнеркәсіптегі кәсіпкерлікті жаңартпалы несиелеу жалғасуда. 380 млрд. теңгеден астам сомаға 1 529 жоба қаржыландырылды.
Қ.Бишімбаев елімізде жүргізіліп жатқан индустриялық аймақтар құру жұмысына да тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні елімізде 42 индустриялық аймақ бар. Олардың 27-сі салынуда, ал 15-і жұмыс істеп тұр. Жалпы, 25 индустриялық аймақты құруға «БЖК-2020» бағдарламасының аясында 24,4 млрд. теңге бөлінген. Оның 12-сі бүгінде жұмыс істеуде. Бұл аймақтарға 700 млрд. теңгеден аса инвестицияға 273 өндіріс ошағы орналастырылған және 626 млрд. теңге сомасына өнім шығарылған. Мұнан бөлек, ағымдағы жылда «БЖК-2020» аясында 6 индустриялық аймақты құруға Ақтөбе, Қызылорда, Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында 4,5 млрд. теңге көлемінде қаражат қарастырылған. «Өңірлердің қаражатты игеруі жоспарлы тәртіпте жүзеге асырылады. Қостанай облысында құрылыс әлі басталмаған. Аталған өңір конкурстық рәсімдерді жүргізуді жылдамдатуы қажет», - деп қосты министр.
Жалпы, осы уақытқа дейін мемлекет тарабынан қабылданған шаралар қазірдің өзінде өз жемісін беруде. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан шағын және орта бизнес өнім шығаруды 0,3, жұмыспен қамтуды 4,1 пайызға ұлғайтқан. Кәсіпкерлік қызметті белсенді несиелеу есебінен құрылыстағы, көлік саласындағы, ауыл шаруашылығындағы және өңдеуші өнеркәсіптегі өнім шығару артқан. Экспорт құрылымында шикізат емес тауарлардың үлесі еселенген. Жоғары айналымды өнімнің, атап айтқанда, тағам өнеркәсібінің, химиялық тыңайтқыштардың, дайын металл өнімдерінің көлемі өскен. Аталған позициялар бойынша дайын өнімнің экспорты 2015 жылдың қаңтар-маусымындағы 184,1 млн. АҚШ долларынан осы жылдың қаңтар-маусымында 197,7 млн АҚШ долларына дейін көбейген.
Сонымен қатар Қ.Бишімбаев екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелеу жұмыстарына қатысты деректермен бөлісті. «2016 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердің бизнесті несиелеуі жөнінде Алматы және Астана қалалары көш бастап тұр. Одан кейін Қарағанды, Атырау және Павлодар облыстары орналасқан. Бизнесті несиелеу жөніндегі әкімдіктердің жұмысын «БЖК-2020» бағдарламасының аясында субсидиялау және кепілдік берудің мақұлданған шарттары көзқарасынан қарастырған жөн. Өңірлер арасында субсидиялау шарттарының басым көпшілігіне Павлодар, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында қол қойылған. Кепілдік беру құралы бойынша көш бастап тұрған өңірлер - Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстары», - деді ол.
Министр мұнан бөлек, 2016 жылдың қаңтар-наурызындағы республикадағы шағын және орта бизнес өнімін шығару көлемі 2 485 207 млн. теңгені құрағанын, ШОБ-тың ішкі жалпы өнімдегі үлесі 24,9 пайызға жеткенін атап өтті. «Аталған көрсеткішті ұлғайту үшін бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Елбасының тапсырмасына сәйкес біз экономикалық белсенді халықтың құзыретін арттыру, кішігірім несиелеу жүйесін кеңейту және жетілдіру шараларын әзірлеудеміз. Ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін аталған мәселелер мұқият пысықталып, Үкіметке қарауға ұсынылатын болады», - деді ол.
Бұған қоса, ол екінші деңгейлі банктердің бизнес жобаларын несиелеу жөніндегі жұмысын тек қана ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлерде жандандыру қажеттігін баса айтты. «Екінші деңгейлі банктер ұсынатын несиелік өнімдердің тапшылығы бизнес жобаларын несиелеудің тежеуші факторы болып саналады. Нарықтық мөлшерлемелер, несиелерді беру шарттары, кепілзаттық қамсыздандырудың талаптары екінші деңгейлі банктердің арасында бірдей дерлік. Несиелік өнімдерді әртараптандыру үшін ынта жоқ. Осыған байланысты, Ұлттық банкке бұл бағытта дұрыс саясатты ойлап табуы, мүмкін болса реттеушілік әсер ету әдістерін қарастыруы қажет»,- деген Қ.Бишімбаев елдегі бизнес ахуалды жақсарту үшін Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингісі бойынша жұмыстың аясында заңнаманы реформалау жөніндегі жұмыс жалғастырылатындығын баса айтты.
Қ.Бишімбаевтың кәсіпкерлікті қолдау және дамыту жөніндегі шараларын мұқият тыңдаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлікті қолдауды жұмыс орындарын қорғау тұрғысынан қарастыру қажеттігін қатаң ескертті. «Ең бірінші кезекте кәсіпкерлікті қолдау мәселесін жұмыспен қамтуға қолдау тұрғысынан қарастырған жөн. Біреуіне қолдау білдірсек, ол 5 жұмыс орнын ашады. Яғни, тек кәсіпкерлікке ғана қолдау көрсетпейміз. Мұны кеңінен алып қарау керек. Бұл салық, жұмыс орны, белгілі бір өнім өндіру және ІЖО өсімі. Бұған қоса, біздің шикізаттық тауарымыздың құны құлдырап отырғанда мұның маңызы бар», - деп ол.
Мұнан бөлек, Үкімет басшысы Doing Business бойынша 4 заңнамалық өзгертулер топтамасы негізінен жер мен ГАСК (Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы) мәселелерінде кәсіпкерлердің өмірін жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті. «Алайда, осыған қарамастан Алматы мен ОҚО-дағы осы құрылымдағы біздің әріптестестеріміздің заңда мүлдем жоқ нұсқаулықтар мен ережелерді ойдан шығарып, кедергілер жасап жатқанын көріп отырмыз. Яғни, олардың өздері заңды оқымайды да содан барып қандай-да бір нұсқаулықтар шығады. Мұндай болмауы тиіс әрі жолын кесу қажет», - деп түйіндеді сөзін Б.Сағынтаев.
Марлан Жиембай
Дереккөз: inform.kz