Президенттің Каспийді зерделеу және сақтау, сондай-ақ, өңірдің экологиялық тұрақтылығын қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде Үкімет резервінен "Каспий теңізі Қазақ ғылыми-зерттеу институты" АҚ-ға 1,1 млрд теңге бөлінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.
"Қаржыландыру институттың ғылыми әлеуетін жақсартуға ықпал етеді. Қаражатқа теңізде мониторинг жүргізу үшін негізгі жабдықтарды сатып алу және гидробиологиялық, гидрохимиялық зертханаларды жарақтандыру жоспарланып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Осы қаулыны жүзеге асыру үшін Экология және табиғи ресурстар министрлігіне барлық шараны қабылдау, Қаржы министрлігіне бюджет қаражаты мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылау тапсырылды.
Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев трансшекаралық суды пайдалануға, Арал және Каспий теңіздерінде қалыптасқан экологиялық проблемаларға назар аударды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова