- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Мемлекеттің қарызы туралы
“Үкімет қарыз алуға әуестеніп бара жатыр“ - депутат Сайыров
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров сыртқы қарыз болашақта қандай қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутат бюджет тапшылығы жаһан елдерін де шарпып отырғанын, бірақ Қазақстан үшін сырттан қарыз алу тенденцияға айналып кетпеуі керек екенін мәлімдеді.
"Дүниежүзілік экономиканың жағдайын барлығымыз көріп отырмыз. Бюджеттің тапшылығы тек Қазақстанға сәйкес емес. Бірақ біздің Үкіметіміз биылдан бастап ішкі және сыртқы қарызды алуға әуестеніп келе жатыр. Яғни ертең тенденцияға айналуы ықтимал. Дүниежүзілік дағдарыс болса, ішкі және сыртқы қарызды қалай қайтарамыз деген сұрақ туады. Бүгіннің өзінде Қазақстанның жалпы мемлекеттік қарызы 63 миллиард болды. Соған қосымша 600 миллиард теңгені алып жатырмыз. Келесі жылдың бюджетінде тағы 4 триллион ішкі қарыз тұр. Үкімет ішкі қарыз деп бізді басады. Бірақ ішкі қарыз бен сыртқы қарыздың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Екеуі ертең біздің бюджетке үлкен салмақ болып түскен кезде біздің еліміздің экономикалық өсімі азаятыны сөзсіз", - деді ол.
Сайыровтың сөзінше, келесі жылдың өзінде 2,5 триллион теңге тек қарызды өтеуге бағытталып отыр.
"Осы бағытпен әрі қарай жүре беретін болсақ, Латын Америкасы елдерінің деңгейіне келіп қалуымыз ықтимал. Үкіметке қазірден бастап бюджетті оңтайландыру керек. Қымбат көлік, қымбат жиһаз (алуды қою керек - еск.). Аймақтарда бюджеттің ақшасына өте ірі құрылыстар салынып жатыр. Аурухана, мектептен басқа әкімшілік құрылыстың бәрін тоқтату керек", - деді ол.
Депутат олигархтар туралы да сөз қозғады.
"Квазимемлекеттік секторда, әртүрлі ірі компанияларда триллиондаған теңге ірі банктердің депозитінде жатыр. Олар біздің мемлекетімізге емес, олигархтарға жұмыс істеп жатыр. Соларды неге қайтармайды?! Бүгін біз түсіністікпен қараймыз. Бірақ ертең біздің балаларымыздың тағдырына осы мәселе кері әсер етуі ықтимал. Шешім қабылдаған кезде осы мәселе әрқашан ойымызда болуы керек. Қарыз алуға әуестенгеннен гөрі ішкі резервтерімізді қарастырып, әртүрлі олигархтық топтар лобби жасаған шығындарды қайта қарап шығуымыз керек тәрізді", - деді Сайыров.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында қаржы министрі Мәди Такиев "Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (жай операциялар), (фискалды басқару және қаржы секторы реформаларының бағдарламасы - 1-кіші бағдарлама) ратификациялау туралы" заң жобасын баяндады.
Осылайша, Мәжіліс Азия Даму банкімен арадағы қарыз туралы келісімді ратификациялады. Азия Даму банкі Қазақстанға 2027 жылғы 1 маусымға дейінгі жеңілдікті кезеңді қоса алғанда, 52,3 миллиард йен сомасында 15 жыл өтеу мерзімімен қарыз береді.
Еске салайық, Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай да Үкімет қаржыны дұрыс жоспарлай алмай отырғанын айтты.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова