Бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы туризм жөніндегі Кеңестің селекторлық отырысы өтті. Оған еліміздің аймақтары да қатысты.
Кеңесте туризм саласының өзекті мәселелерін шешу бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының әзірлеген ұсыныстары талқыланды. Атап айтқанда, визалық және көші-қон режимін жақсарту, туристік саланы мемлекеттік қолдау шаралары, инфрақұрылым және логистика, маркетинг және насихаттау, туристік саланы реттеудің институционалдық шаралары, заңнаманы жетілдіру және сыртқа шығу туризмі бойынша ұсыныстар талқыға түсті. Сондай-ақ, Кеңесте сыртқа шығу туризмі саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын кепілденіру жүйесінің қызметі, ЭКСПО-2017-ге дайындық, туризм саласындағы мамандар тапшылығы және тағы да басқа мәселелер сөз болды.
Кеңестің қорытындысы бойынша туризм саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ұсыныстар мақұлданды. Аталған мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарауына ұсынылады.