Үкімет биыл инфляцияны 10 пайыздан төмен түсіруге ниетті. Парламент палаталарының бірлескен отырысында премьер-министр Олжас Бектенов депутаттардың инфляцияны тежеу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы сұрақтарына жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрақты экономикалық өсімге қарамастан, былтыр еліміз инфляциялық қысыммен бетпе-бет келген. Үкіметтің, Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысының нәтижесінде инфляция біртіндеп баяулағаны айтылды.
"Былтыр қыркүйекте инфляция 12,9 пайызға жетті. Үкімет, Ұлттық банк және басқа да мүдделі құрылымдар қабылдап жатқан шаралардың нәтижесінде бес айда инфляция көрсеткіші 10,4 пайызға дейін төмендеді. Қабылдаған шаралардың қорытындысы бойынша жақын арада инфляцияны 10 пайыздан төмен түсіруді жоспарлап отырмыз", - деді Олжас Бектенов.
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
Сонымен қатар, инфляциялық процестер халықтың табыс деңгейіне әсер еткен.
"Халықтың табысы өскен бірқатар сала да бар. Мысалы, ауыл шаруашылығында ауылдағы жұмысшылардың нақты табысы 9,3 пайызға өсті. Сауда, байланыс, сумен жабдықтау, энергетика сияқты салаларда кіріс орта есеппен 4 пайызға өсті, көлік саласында бұл көрсеткіш 5-тен 10 пайызға дейін артты. Кейбір салаларда оң динамика бар", - деді премьер-министр.
Еске салайық, бүгін депутаттар Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның бюджет туралы есебін тыңдады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова