- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үкімет бензин бағасын...
Үкімет бензин бағасын еркіндікке жіберді
ҚР Үкіметі елдің отын нарығындағы тапшылықты болдырмау мақсатында АИ-92 маркалы жанар-жағар май бағасын мемлекеттік реттеу саласынан шығару бойынша шешім қабылдады, - деп мәлімдеді бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев бүгін ОКҚ брифингінде. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ҚР премьер-министрінің сайтына сілтеме жасай отырып хабарлады.
"ҚР Үкіметі елдің жанар-жағар май нарығындағы тапшылықтың алдын алу мақсатында АИ-92 маркалы жағар майдың бағасын мемлекеттік реттеу саласынан шығару бойынша шешім қабылдады", - деді Сағынтаев. Ол теңге бағамын еркіндікке жіберген соң "белгілі бір қиындықтар" туындағанын айтып өтті.
"20 тамызға дейін ұлттық валютаның ескі бағамы кезінде біз Ресейден жанар-жағар майды сатып алу құны 97 теңгеден алып, 108 теңгеден сатқан болатынбыз. Алайда, теңге бағамының рубльге арасалмағы күрт өзгергенде, бұл осы жағар май 120 теңге тұратын болады. Жанар-жағар майды ешкім де шығынданып әкелмейді", - деп түсіндірді бірінші вице-премьер. "Ал, жанар-жағар май бағасын осы қалпында сақтап қалатын болсақ, біз отандық нарықта отынның бұл түрінің үлкен тапшылығына тап болар едік", - деп баса айтты Сағынтаев.
Оған қоса, ол ҚР-да ЖЖМ өндіру ішкі сұранысты қамтымайтынын, сондықтан жанар-жағар майдың РФ-нан импортталатынын еске салып өтті. "200 мың тонна болатын отын қоры тез арада таусылып, біз отын жетіспеушілігіне қайта тап болуымыз мүмкін", - деп толықтырды ол.
Вице-премьер еліміздегі отын нарығының негізгі ойыншылары жалпыға мәлім және нарықта баға саясатына қатаң бақылау жүргізілетінін баса айтты. "Олардың әрекетін қадағалаймыз, егер олар монополияға қарсы заңнаманы бұзатын болса, оларға қатысты алдын кесу шаралары қолданылады. Үстем жағдайды асыра пайдалану фактілеріне жол берілмейді", - деп түйіндеді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
Еске сала кетейік, 20 тамызда ҚР Үкіметі Ұлттық банкпен бірігіп, теңгенің еркін ауытқу бағамына өту туралы шешім шығарды. Мұнда инфляциялық таргеттеу режимінің негізіндегі жаңа ақша-кредит саясатын жүзеге асыруға өту, валюта дәлізін алып тастап, еркін ауытқу дәлізіне өту туралы сөз болып отыр. Мұндай шешім әлемдік экономикадағы жағымсыз факторлардың күшеюінің негізінде қабылданған.
Н. Нұрмаханұлы