Биыл Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Үкіметті басқарып отырғанына бір жыл. Былтыр 5 қаңтарда экс-премьер Асқар Мамин бастаған Үкімет отставкаға кеткен болатын. Осылайша, Әлихан Смайылов 5 қаңтарда Премьер-министрдің міндетін атқарушы болып тағайындалып, артынша 11 қаңтарда ресми түрде Үкімет басшысы болды. Әлихан Смайыловтың бір жылда Үкімет басшысы ретінде атқарған жұмысы сарапшылардың көңілінен шықты ма? Әлі қандай жұмыстар атқару қажет? Massaget.kz тілшісі мамандардан сұрап білді.
Саясаттанушы Әділ Сайлаубек осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар барын атап өтті. Бірақ, саясаттанушының сөзінше, кейінгі бір жылда сан түрлі оқиғалармен, оның ішінде, қаңтар оқиғасы, референдум деген секілді өзгерістерге көп басымдылық болған.
"Министрліктердегі ауыс-түйіс болды, белгілі бір өзгерістер байқалды. Ол оң нәтиже бере ме, жоқ па, алдағы уақытта білерміз. Бірақ Үкімет басшысының шешімдері, қойған жоспарлары толыққанды орындалды деп айта алмаймын. Себебі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айта кеткендей, жұмыстардың нәтижесіне көңіл толмайды", - дейді Әділ Сайлаубек.
Саясаттанушы ең бастысы үкімет басшылығында отырғаннан кейін нақты шешім, өзіндік стратегиялық, халықтың әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсартатын мәселелерді оңтайлы шешуге тырысу керек еді. Оның ішіне барлық сала кіреді дейді.
"Өз басым жұмыстардың нәтижесіне көңілім толмайды. Әрине, көбіне Президенттің тапсырмаларымен жоспарлар жүріп жатыр. Ол да дұрыс шығар. Бірақ Үкімет министрліктермен бірге халықтың жанайқайын тыңдауға бірге атсалысуы керек. Бізде кейбір министрлер ғана идеяларын іске асыруға, нәтиже шығару бойынша жұмыс істеді. Ал кейбір министрліктердің жұмысын халық әлі де болса көрмей отыр. Ол бес саусақ жұмыла жұмыс істеуіне кедергі жасап отырғандай", - дейді саясаттанушы.
Бірақ Әділ сайлаубек нәтижені көру үшін бір жыл аз екенін атап өтті.
"Халықтың жағдайын көтеру мақсатында әлі де ақсап тұрған тұстар көп. Ол бойынша бағыт-бағдармен жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Президент атап өткендей, жоспарлар дұрыс жолға қойылуы керек. Ашық болу керек деп ойлаймын. Халық алдында есеп беру, министріктерден толыққанды есеп алуды жолға қою қажет. Себебі көбі орындалмай жатады", - дейді маман.
Ал саясаттанушы Мақсат Жақау Әлихан Смайылов бастаған Үкімет барынша өзінің қолынан келген дүниені жасауға тырысқанын айтады.
"Бірақ көрші елдердің ықпалынан біздің еліміз ғана емес, бүкіл әлем бойынша қаржылық қиындық, дағдарысқа алып келді. Салдарынан әлеуметтік күйзеліс те инфляцялық көрсеткіштермен белгіленіп отыр. Оны АҚШ пен Еуропа елдерінен байқауға болады. Ал Қазақстан жайлы айтар болсақ, Смайыловтың үкіметі 5 балдық көрсеткішпен есептесек 3-ке бағалауға болады", - дейді саясаттанушы.
Мақсат Жақау мұндай бағалауға негізгі себеп - қымбатшылық әлі де өршіп тұр дейді.
"Қымбатшылық 2023 жылдың жартыжылдығына дейін әлі болады. Себебі оның бәрі Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыс салдарынан болып отыр. Сондықтан инвесторлардың да келуі әлсіреп кетті, жергілікті деңгейдегі экономикалық дамыту бағдарламалары да әлсіздеу көрінді. Жыл бойы аграрлық салада қуаңшылықтың пайда болуы, қант тапшылығы көрінісі, сауда-саттықтың төмендеуі болды. Дегенмен жаңа экономикалық сауда-саттық тораптары ашыла бастады. Осы бағытта Үкімет әрекеттер жасап, Президенттің пәрменімен ауқымды халықаралық келісімшарттарға қол қойылды. Олардың іс жүзінде орындалуын 2023 жылдан бастап көретінімізді естен шығармау керек", - дейді Мақсат Жақау.
Сондықтан, саясаттанушы Үкіметтің жұмысына қатысты әлі де үміттенетінін айтады.
"Қанша қымбатшылық болғанымен мемлекет қымбатшылықты еңсеретін, былтырғы қатені болдырмаудың әрекеттеріне көшеді. Себебі Президент Үкіметті сынаған уақытта тапсырмалар беріп өтті. Әсіресе азық-түлік қоймаларын жасақтау, нарықтық бағаны ұстап тұру бар. Одан бөлек, көрші мемлекеттерде бірігіп, әртүрлі келісімшартпен одақтастық, экономикалық тұрғыда бірігіп жұмыс істейтін әрекеттерге көшіп жатырмыз. Ол дұрыс. Сондықтан Үкіметке қолдау ретінде әрекеттенеді. Бірақ әлі де жасалатын нәрсе көп", - дейді саясаттанушы.
Мақсат Жақау Үкімет нақты мінезді әрекеттерімен көрінуі керек дейді.
"Әрбір іс үшін жауап беретін деңгейге шығу керек. Судың да сұрауы болатындықтан, халық Үкіметтен ертеңгі күні не істейтінін, қалай істейтінін, қандай нәтиже беретінін сұрай алатын болады. Жалпы, Үкімет алдағы уақытта қатемен жұмыс істеп, 2023 жылы дұрыс қадамдармен, дұрыс өлшеулі механизммен, бағдарламамен көрінуі тиіс. Сондықтан Смайыловтың Үкіметіне сәттілік тілеймін", - дейді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!