Премьер-министр Әлихан Смайылов Қарағанды облысындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің отбасынан кешірім сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет басшысы Костенко шахтасындағы апат бойынша тергеу басталғанын айтты.
"Апат дерегі бойынша тергеу басталды. Барлық кінәлі тұлға жазаға тартылады. Шенеуніктерге тоқталайын. Олар да тергеуге алынады. Біз Үкімет ретінде бұл трагедиядағы кінәмізді түсінеміз", - деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысынан соң.
Сондай-ақ Үкімет басшысы көз жұмған кеншілердің отбасынан кешірім сұрады.
"Қаза тапқан кеншілердің отбасы мен зардап шеккендерге өзімнің және әріптестерімнің атынан кешірім сұрағым келеді. Біз де болған оқиға үшін жауаптымыз. Қазіргі біздің мақсатымыз – компанияны ("Арселор Миттал Теміртау" АҚ) Қазақстанға қайтарып, оның тұрақты жұмысын қатмамасыз ету, жұмыс орындары мен жалақыны сақтап қалу. Кеншілердің қазасынан кейін туындаған міндеттерді де орындауымыз шарт", - деді премьер-министр.
Айта кетейік, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі 28 қазанда Костенко шахтасында болған жарылыс кезінде қаза тапқандардың тізімін жариялаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!