Бұл туралы Үкіметтің кезекті отырысында ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық және коммуналдық меншік ұйымдарын, сонымен қатар квазимемлекеттік кәсіпорындарды «Yellow Pages Rulle» аясында бәсекелі ортаға шығару бойынша жүргізілген жұмыстар туралы баяндама жасау кезінде айтты, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Әлеуметтік сала ұйымдарын бәсекелі ортаға беру мемлекет меншігіндегі ұйымдарды коммерцияландырудың екінші кезеңінде мүмкін болмақ.
Қаржы министрінің айтуынша, алғашқы кезеңнен кейін мемлекет меншігінде 5 991 ұйым қалады. Оның жартысына жуығын немесе 42% -ын балабақшалар құрайды. Бестен бір бөлігін ЖОО-лар, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары құрайды. 13 % -ы емханалар мен ауруханалар, 8,5%–ы театр, музей, мәдениет үйлері. Қалған ұйымдар – монополия, БАҚ, ветеринарлық ұйымдар және т.б.
«Негізгі бөлігін әлеуметтік сала ұйымдары құрайды. Оларды бәсекелі ортаға беруді коммерцияландыру мәселесі, ЖОО-ларды реформалау аяқталғаннан кейін мүмкін болады деп санаймыз. Сонымен қатар, мемлекеттік кәсіпорындар бюджеттік бекіту - жаңа ұйымдастыру-құқықтық формасы енгізілгеннен кейін айтарлықтай қысқаруы тиіс. Оларды одан әрі МЖӘ желісі бойынша беру жеке бизнесті жандандыруға жол ашады», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.
Инвентаризациялаудың екінші кезеңінен кейін мемлекет меншігінде 1 400-ге жуық ұйым қалады. Баяндамашы атап өткендей, бизнес балабақшаларды сенімгерлік басқаруға алуға ниет білдіріп отыр.
Министрдің есептеуінше, қабылданған шаралар бюджеттік шығындар мен мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыратын болады.