Үкімет Алакөлге 3 млрд теңге бөлді: қаржы қайда жұмсалады?

Жетісу облысы Алакөл көлі жағалауын қорғайтын бөгет салу жобасын жүзеге асыруға Үкімет резервінен 3 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бөлінген қаражат ұзындығы 6 шақырым болатын қорғаныс бөгетін салуға бағытталады, оның 2,5 шақырымы Көктұма ауылына, 3,5 шақырымы Ақши ауылына тиесілі.

Бұған дейін 2025 жылы 1,7 шақырым учаскеде нығайту, жер қазу, бетон құю жұмыстары жүргізіліп, габион құрылымдарын орнату жұмыстары аяқталған еді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының шамамен 25 пайызы орындалған.

Жоба жүзеге асырылуы Алакөл жағалауы одан әрі шайылуының алдын алып, көлдегі шөгінділердің табиғи тасымалдануы мен қайта бөліну жүйесін сақтауға мүмкіндік береді. 

Айта кетейік, кейінгі екі жыл ішінде Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар сияқты алты өңірде жалпы ұзындығы 243 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері мен құрылыстары салынып, нығайтылды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз