Үкімет Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға және реконструкциялауға 9 миллиард теңге бөлді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет резервінен 9 миллиард теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды.
"Павлодарда (3,6 миллиард теңге) ұзындығы 2,5 шақырым болатын ТМ-13 жылу магистралі салынады. Бұл 41,5 мың адам тұратын Павлов – Шевченко – Катаев көшелері орналасқан аудандағы көппәтерлі тұрғын үйлерді тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екібастұзда жалпы ұзындығы шамамен 4 шақырым (3,6 миллиард теңге) болатын ТМ-1 және ТМ-3 жылу магистральдарының учаскелері реконструкцияланады. Осы жұмыстың арқасында жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік мекемелерді, шағын және орта бизнес нысандарын қосу көзделген. Бұл 2 мыңнан аса адамды қамтиды", - деп жазылған Үкіметтің хабарламасында.
Қалған 1,8 миллиард теңге Ақсудағы №3,5 және 8 шағынаудандарда орналасқан, ұзындығы 4,3 шақырым болатын орамішілік жылу желілерін қайта жаңартуға аударылады. Кейінгі 2 жылда бұл учаскелерде 40-тан аса ақау тіркелген. Реконструкция жұмысы 1,5 мыңнан аса жергілікті тұрғынды сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Павлодар облысы әкімдігінің деректеріне сүйенсек, бүгінгі таңда Павлодарда жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 828,1 шақырым (82,8 пайызы орташа тозған), Екібастұзда 422,5 шақырым (90,7 пайыз), Ақсуда 99,1 шақырым (59 пайыз) болады. Техникалық тексеру нәтижелері бойынша шұғыл жұмыстар жүргізілуге тиіс, қатты тозған 4 учаске анықталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!