ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Амерханов ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовке қатысты істі тергеудің аяқталуының болжамды мерзімін атады, - деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.
"Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларының қамауға алу мерзімі қашанға дейін ұзартылды", - деп сұрады журналистер.
"Бәрі күзге қарай белгілі болады деп ойлаймын. Менің білуімше, іс материалдары құпия. Сот (сот болады. - Ескерту) жабық форматта өтетін шығар. Себебі, мемлекеттік құпиялар бар. Мұны сот шешеді", - деп жауап берді Амерханов Мәжіліс отырысынан.
Сондай-ақ, журналистер қаңтар оқиғасы өткелі алты ай өтті, тергеу қанша уақытқа созылуы мүмкін, деп сұрады.
"Негізі, үш айға ұзартуға құқығымыз бар. Бірақ жылдарға созылмайды. Бұл өте ауыр мәселе, тағылған айыптар ауыр", - деді ҰҚК төрағасының орынбасары.
Ол сонымен қатар, қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың аты-жөні неге әлі күнге дейін жарияланбағанын түсіндірді.
"Кешіріңіз, оларды санаттау керек, кімнің қалай өлгенін білуіміз қажет. Біреу тонады, біреу шабуыл жасады, біреу абайсызда өлді", - деп қосты ол.