ҰҚК Ішкі істер министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерін ұстады

Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы пара алды деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қылмыстық іс туралы ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Бұған дейін БАҚ-та Ақтауда ІІМ-нің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының бастығы мен оның қол астындағы қызметкерінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Олар қылмыстық іс бойынша оң шешім шығару үшін бір миллион теңге пара алған деген күдікке ілінді. 

"Аталған факт бойынша ҰҚК Қылмыстық кодекстің 366-бабы "Пара алу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсан айының соңында ҰҚК қызметкерлері Маңғыстау облысында есірткі сатып жатқан үш қазақстандықты ұстаған болатын.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!