Сәуірде ҰҚК Астана қаласында, Абай, Ақтөбе және Түркістан облыстарында діни радикалдардың әрекетінің жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Терроризмді насихаттап, діни алауыздықты қоздырды, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы насихаттады деген күдікпен 4 қазақстандық ұсталды.
ҰҚК мәліметінше, олардың біреуі бұрын сотталған.
"Тұрғын үйлерін тінту барысында заттай дәлелдер тәркіленді. Қылмыстық кодекстің 174 және 256-баптары бойынша соталды тергеп-тексерулер жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Бұдан бөлек ҰҚК бұрын тергеген қылмыстық істер бойынша Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарының 3 тұрғынына қатысты айыптау үкімі шыққан. Сотталғандар әлеуметтік желіде және айналасына терроризм мен діни экстремизм идеологиясын таратқан.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз