Алматы облысында ірі есірткі зертханасы жойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, зертхана ІІМ мен ҰҚК бірлескен арнайы операциясы барысында анықталып, жойылған.
Ауқымды синтетикалық есірткі өндірісін жолға қойған күдікті 7 қаңтарда ұсталған. Есірткі зертханасын тінту барысында 30 келі "мефедрон" психотроптық заты және есірткі өндіруге арналған бір тоннадан астам химиялық реактивтер табылып, тәркіленді.
"Арнайы операция сәтті жүзеге асу үшін прокуратура органдарының келісімі бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілді. Қазіргі уақытта синтетикалық есірткі өндірісіне қажет жабдықтарды жеткізу арналары және басқа да сыбайластарды анықтау бойынша тергеу шаралары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігі бойынша соталды тергеу басталды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!