Ақтөбе тұрғыны Whatsapp-та танысынан түсініксіз қаржылық операцияларға байланысты банктегі шоты тексеріліп жатқаны туралы хабарлама алған. Ол тіпті ҰҚК өкілдері хабарласады деп алдаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап.
Ақтөбе облыстық ПД мәліметінше, расында да, өңір тұрғынына біраз уақыттан кейін өзін ҰҚК қызметкері ретінде таныстырған адам қоңырау шалған. Ол арнайы операция жүргізіліп жатқанын және қылмыскерлерді ұстау үшін несие рәсімдеп, ақшаны қауіпсіз шотқа салу керек екенін айтқан.
Жәбірленуші қоңырау шалған адамның барлық шартын орындап, несие рәсімдеген және айтылған шоттарға 2,5 миллион теңге аударған.
Кейін жәбірленуші алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.
"Қызметтік міндетін атқару кезінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтарға қандай да бір қаржылық операциялар жасатуға құқығы жоқ. Сіз немесе таныстарыңыз осындай жағдайға тап болса, әңгімені дереу тоқтатып, 102 нөміріне полицияға хабарласыңыз", - деп ескертті полицейлер.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!