Қазақстанда ірі ұлттық компаниялардың басшылығына қатысты сыбайлас жемқорлық істерін тергеу жалғасып жатыр. "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің бұрынғы үш басшысы ұсталғаны белгілі болды, – деп хабарлайды Massaget.kz ҰҚК-ге сілтеме жасап.
9-10 қарашада "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-нің бұрынғы бас директоры В.В. Петров, оның орынбасары Қ.М. Қабылов және аталған серіктестіктің атқарушы директоры – сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры А.К. Сембай ұсталып, қамауға алынған. Олар сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінген.
"Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. 11 және 12 қарашада олар сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды", - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
"ҚТЖ-Жүк тасымалы" сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, Владимир Петров ҚТЖ жүйесінде 30 жылдан аса еңбек еткен. Ол Алматы теміржол көлігі инженерлері институтын "Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару" мамандығы бойынша бітірген. Әр жылдары басшылық лауазымдарда, соның ішінде "ҚТЖ - Жүк тасымалы" ЖШС бас инженері және бас директоры қызметтерін атқарған. 2025 жылғы желтоқсанда ҚТЖ басқарушы директоры - "Тасымалдау процесі дирекциясы" филиалының директоры міндетін атқарушы болып тағайындалған.
Қайрат Қабылов "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС бас директорының қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, компанияның басқарма құрамына кірген. Ол М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын "Тасымалдауды ұйымдастыру, қозғалыс және көлікті пайдалану" мамандығы бойынша тәмамдаған. Сонымен қатар іскерлік әкімшілендіру магистрі (MBA) және іскерлік әкімшілендіру докторы (DBA) дәрежелеріне ие. Әр жылдары "Қазақтелеком", "Локомотив" АҚ, "Ромпетрол Қазақстан" компанияларында, сондай-ақ ҚТЖ-ның өзге де бөлімшелері мен құрылымдарында басшылық қызметтер атқарған.
Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев және басқа да тұлғалар ұсталғанын ресми түрде растады. Мекеме ұсталғандар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қазір тергеушілер істің мән-жайын анықтап жатыр.
25 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының өндіріс жөніндегі бас директоры Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдар ұсталғанын растады. Комитет мәліметінше, олар "Самұрық-Қазынаның" бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген
Бұған дейін, 24 қарашада директорлар кеңесінің шешімімен ұлттық компания басқармасының екі мүшесінің – коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин мен өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбековтің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғаны хабарланған. Компания басшылық міндеттері қайта бөлінгенін, ал өндірістік және коммерциялық қызмет штаттық режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.
ҰҚК хабарламасынан кейін "Қазатомөнеркәсіп" құқық қорғау органдарымен ынтымақтаса отырып, тергеуге көмек көрсетіп жатқанын, бірақ тергеу барысында түсініктеме бере алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ ұлттық компания штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатқанын және 2026 жылға арналған болжамды көрсеткіштерді орындау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел кеңесін өткізді. Жиын барысында Мемлекет басшысы "Самұрық-Қазына" мен "ҚТЖ" басшыларының ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы ауқымды жемқорлықтың бар екенін көрсететін маңызды белгі деп атады.
Президент Үкіметке және бақылаушы органдарға 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын азайту бойынша нақты ұсыныстар дайындауды тапсырды.