- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- ҰҚК Жамбыл облысында...
ҰҚК Жамбыл облысында арнайы операция жүргізді
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері қару және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Жамбыл облысының аумағында қарудың және жалған шетел валютасының заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған арнайы операция өткізді.
Қылмыстық қару мен жалған АҚШ долларын сатудың жасырын арнасы жұмысын жолға қойған қылмыстық іс-әрекеттің ұйымдастырушысы ұсталды.
Операция алдында ұзақ уақыт жедел зерделеу жұмысы жүргізіліп, атқыш қару, оқ-дәрі, сонымен қатар, жалған америкалық банкноттарды әкелудің тұрақты қылмыстық жүйесі анықталды және құжаттанды.
Қылмыскерлердің жасырынғаны, заманауи техникалық байланыс құралдарын қолданғаны олардың әрекетін әшкерелеуде қиындық тудырған. Күдіктінің заңға қайшы әрекеті еліміздің қоғамдық-экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндірген.
Ведомство мәліметінше, дер кезінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстық бизнес жойылды. Заңсыз айналымнан 4 бірлік қару: "Калашников" автоматының жетілдірілген түрлері, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықтар, 450-ден аса оқ-дәрі және аса ірі көлемде жалған АҚШ доллары алынды.
Ұсталған адам қылмысын мойындады және ҚР Қылмыстық-процестік кодексi 128-бабы негізінде сот рұқсатымен 2 айға тергеу изоляторына қамалды. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасып жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек