Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Ермек Сағымбаевтың Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылу себептерін атады, деп хабарлайды Massaget.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Смадияровтың айтуынша, Сағымбаев басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен кетті, бұл ретте аталған шешім Президент қойған арнаулы қызметті реформалау міндетін табысты іске асыру мақсатында басқарушы буын кадрларын ротациялау қажеттілігін ескере отырып қабылданған.
"Ермек Сағымбаевты отставкаға жіберу туралы шешім қабылдау кезінде Мемлекет басшысы, әрине, сыбайлас жемқорлыққа қатысты оқиғаның фигуранттарын ұстауды да ескерді. Президенттің пікірінше, күштік құрылымдар тарапынан олқылықтар жіберілген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке де қызметтік жаза жарияланды", - деді Айбек Смадияров Tengrinews.kz тілшісіне.
Сол күні Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жұмыс кеңесін өткізгені де атап өтілді. Президент "Заң мен Тәртіп" қағидасына сәйкес қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындау кезінде қызметтік тәртіпті нығайтуды және полицейлердің кәсіби даярлық деңгейін арттыруды тапсырды.
Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы және офицерлік құрамы арасында тәрбие жұмысын күшейту қажеттігі айтылған.
Еске сала кетейік, бүгін, 16 қарашада, Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Сағымбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды.
Комитеттің жаңа төрағасы болып Марат Ирменов тағайындалды.