Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері БАҚ-та бұған дейін жарияланған "Атырау әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасов ұсталды" деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шенеунік ұсталғанын жергілікті "Ақ Жайық" басылымы жазды. БАҚ мәліметінше, ҰҚК Атырау облысы бойынша департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі тергеу жүргізіп жатыр.
Tengrinews.kz Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған. Ведомство бұл дерек бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын растаған.
"Қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді", - деп жазылған ҰҚК жауабында.
Мейіржан Мұқасов 1994 жылы Атырау облысында туған. Еңбек жолын 2013 жылы Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің маманы болып бастаған.
2015 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Бұған дейін облыс әкімінің кеңесшісі де болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!