ҰҚК Астана бойынша департаменті үш есірткі зертханасы қызметінің жолын кесті

ҰҚК Астана бойынша департаменті үш есірткі зертханасы қызметінің жолын кесті
Фото: gov.kz

2024 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана бойынша департаменті үш есірткі зертханасы қызметінің жолын кесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Нұржан Қыстаубаевтың мәліметінше, елордада жыл өткен сайын есірткіге қатысты қылмыстардың ашылуы артып келеді.

Бүгінгі таңда қылмыстық қудалау органдарымен есірткі қылмысына қатысты 878 факті тіркелген. Олардың басым көпшілігі есірткіні сату, мақсатынсыз сақтау фактілеріне қатысты – 635 және сату мақсатында – 218.

Спикердің сөзінше, Қазақстан Республикасының 21 мен 39 жас аралығындағы азаматтар есірткі қылмыстарын жиі жасайтындар қатарында көрінеді.

"Есірткі қылмысын жасаған азаматтардың ішінде 318 адамның тұрақты табыс көзі жоқ, яғни орта білімі бар және жұмыссыз азаматтар. Әдетте, жас санаты 21 жастан 39 жасқа дейінгі адамдардың қатарына жеңіл ақшаның азғыруына, соның ішінде "уайымсыз" жақсы өмірді насихаттайтын интернет кеңістігі арқылы ерген адамдар жатқызылады. Бұл адамдар өздерінің менмендігі мен құқықтық сауатсыздығынан және сыртқы факторлардың әсерінен есірткіні А нүктесінен В нүктесіне жеткізу міндетін атқаратын «есірткі тасушыға» айналады. Сот отырыстарында айыпталушылар бұл салаға әлеуметтік желілерде жақсы ақшаға курьер болып жұмыс істеу туралы хабарландыруларды көргеннен кейін келгендерін, олардың іс-әрекетінің салдары туралы ескертілмегенін түсіндіреді", - деді Нұржан Қыстаубаев.

Ал Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы тосқауыл басқармасының бөлім бастығы Сергей Ильиныхтың айтуынша, есірткі қылмысымен күресте биыл нәтижелі жұмыстар атқарылған.

"Мысалы, ҰҚК елордалық департаменті 2 тұлғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі 1, 3, 5-тармақтары бойынша, яғни адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы, электрондық ақпараттық ресурстарды пайдаланумен аса ірі мөлшердегі психотроп тектес затты өткізу мақсатында заңсыз өндіру, сақтау, тасымалдау бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізді. Қалалық прокуратураның жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізу туралы бастамасымен басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаменті қызметкерлерімен елордадағы есірткі зертханасы мен 2 қойма жойылды. 27 келіден астам синтетикалық есірткі заттар, атап айтқанда мефедрон тәркіленді. Тергеу барысында олардың күдігін растайтын жеткілікті айғақтар жинақталды. 26.07.2024 жылы Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен Д.Джунусов пен Д.Кадиевке 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Сергей Ильиных.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан