ҰҚК Әбілязовпен байланысы болуы мүмкін бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады

ҰҚК Әбілязовпен байланысы болуы мүмкін бельгиялық кәсіпкерге іздеу жариялады
Фото: qamqor.gov.kz

Қазақстанның Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі бельгиялық кәсіпкер әрі инвестор Фрэнк Джозеф Монстрейге іздеу жариялады. Бұл ақпарат Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі порталында жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Фрэнк Джозеф Монстрейге іздеу жарияланғаны туралы ақпарат осыдан екі күн бұрын шыққан. Бұл іс Астанада тіркелген.

Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бастамашы болған, ал іздеу шараларын ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізіп жатыр. Фрэнк Джозеф Монстрей нақты қандай іс бойынша іздестіріліп жатқаны және оның мәртебесі қандай екені туралы басқа мәлімет әзірге белгісіз.

Ер адам 1965 жылы туғаны және шетел азаматы екені нақтыланған.

Ашық дереккөзде Фрэнк Джозеф Монстрей бельгиялық кәсіпкер және инвестор, бұрынғы мұнай магнаты ретінде сипатталады. Ол 2000 жылдардан бастап бұрынғы кеңестік елдерде, соның ішінде Қазақстанда белсенді жұмыс істеген.

Оның Қазақстандағы негізгі бизнес жобасы Nostrum Oil & Gas (бұрынғы "Жайықмұнай") атты мұнай-газ компаниясы болды. Кейін ол компанияны Лондон биржасына шығарып, мұнай-газ секторынан кеткен болатын.

Бірқатар ақпаратта Фрэнк Монстрейдің есімі қашқын Мұхтар Әбілязовпен байланысты болуы мүмкін екені айтылған және Nostrum Oil & Gas компаниясының активтеріне қатысты дау төңірегінде аталған.

Алайда оның өзі журналистерге Мұхтар Әбілязовтің жасырын өкілі болмағанын мәлімдеген.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget