АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Fox News арнасына берген сұхбатында Украинадағы қақтығысты бейбіт реттеуге қатысты жақсы жаңалықтар болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РБК-ға сілтеме жасап.
"Алдағы апталарда жақсы жаңалықтар естисіз деп үміттенемін", - деді ол Лара Трампқа берген сұхбатында.
Уиткоффтың айтуынша, алдағы үш апта ішінде келіссөздер өтіп, соның нәтижесінде АҚШ, Ресей және Украина президенттері - Дональд Трамп, Владимир Путин және Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу өтуі ықтимал.
"Мен және Джаред (АҚШ президентінің күйеу баласы Джаред Кушнер - еск.) екі тарапқа да бірқатар ұсыныс айтуды жоспарлап отырмыз. Мақсат - оларды алдағы үш аптада бір үстел басына жинау, тіпті Зеленский мен президент Путиннің саммитіне ұласуы да мүмкін. Кейінірек президенттің (АҚШ - еск.) қатысуымен үшжақты форматқа да шығуымыз ықтимал, көрерміз", - деді Трамптың арнайы өкілі.
Оның сөзінше, Трамп мұндай үшжақты кездесуге келісімнің бекітілуіне және "ең жақсы нәтижеге" жеткізетініне сенімді болған жағдайда ғана қатысар еді.
Айта кетейік, 17-18 ақпанда Женевада Ресей, Украина және АҚШ өкілдері қатысқан келіссөздердің үшінші кезеңі өтті. Ресей делегациясының жетекшісі, президент көмекшісі Владимир Мединский талқылау ауыр болғанымен, іскерлік сипатта өткенін айтып, тағы бір кездесуді меңзеді. Ал Киев саяси мәселелер бойынша "айтарлықтай ілгерілеу жоқ" екенін мәлімдеген.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz