Биыл угги етігі сәнге қайта кірді. Угги етігін кез келген киім үлгісімен үйлестіріп кие беруге болады. Алайда мамандар угги етігінің адам денсаулығына зиян екенін баяғыдан айтады, тіпті етіктің бұл түрі майтабанға шалдықтырады деген әңгіме бар. Бұл қаншалық рас? Угги етігін үнемі кию қандай ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін екенін білу үшін Massaget.kz тілшісі терапевт Маржан Әбдіғалиеваның көмегіне жүгінді.
Маман ең алдымен угги етігінің шығу тегін айтып берді. Угги етігі Аустралияда шыққан, бұл етік бастапқыда фермерлер үшін ыңғайлы, жылы етіп жасалынғанымен, кейінірек сәнге, трендке айналған. Угги әсіресе жасөспірімдер мен жастардың арасында танымалдылыққа ие.
Терапевт угги етігінің пішініне де тоқталды.
"Етіктің табаны жалпақ әрі кең болғандықтан, аяқ ұшының көтерілуіне демеу берілмей, табандағы сіңір созылады. Яғни етіктің өкшені тіреп тұратын бөлігі болмағандықтан, оны ұзақ уақыт бойы киіп жүрген кезде омыртқа жотасына кері әсер етеді. Сондай-ақ, етік аяқты қысып ұстап тұрмайды, аяқ бос тұрады, ал еркін басылған қадам адамның жүрісін өзгертеді. Угги синтетикалық материалдан дайындалатын болғандықтан, оны ұзақ уақыт кию, аяқты терлетіп, көптеген тері ауруларына да әкеп соқтыруы мүмкін. Мысалы, саңырауқұлақты патогенді флораның көбеюіне байланысты тері ауруларына, терінің қабыну ауруларына, аяқ саусақтарының пішінінің өзгеруіне дейін алып келуі мүмкін", - дейді дәрігер.
Маржан Әбдіғалиева уггиді көп уақыт бойы кию қандай ауруларға шалдықтыруы мүмкін екенін түсіндірді.
"Угги етігін ұзақ уақыт киген адам майтабан, омыртқаның қисаюы, сколиоз, кифоз, лордоз, тізе буындарының ауруларына шалдығуы мүмкін", - деді маман.
Дәрігердің айтуынша, угги майтабанның пайда болуына шынымен де себепші бола алады.
"Иә, рас, себебі угги етіктерінде өкше жоқ, табаны жұмсақ. Бұл майтабан ауруына шалдықтырады, аяқ сүйектерінің конструкциясы өзгереді, угги етігінің танымалдылығы осылай жалғаса берсе, болашақта майтабан диагнозы көп кездеседі", - дейді Әбдіғалиева Маржан.
Кейде жас аналар әлеуметтік желіден көріп, 3-4 жасар балаларын сәнді киіндіру үшін оларға да угги етігін кигізетін жағдайлар кездесіп жатады. Дегенмен дәрігер мұның дұрыс емес екенін, кішкентай балаларға угги етігін мүлде киюге болмайтынын ескертті.
"Дене бітімі енді қалыптасып келе жатқан кішкентай балаға угги етігін мүлде киюге болмайды. Өйткені, табаны тегіс аяқ киімде дене салмағының біркелкі орналасуы бұзылып, бала түрлі ауруға шалдығуы мүмкін", - деп түсіндірді ол.
Маржан Әбдіғалиева сөзінше, уггиді күніне 2-3 сағат қана, маусымдық екінші етікпен алмастырып кию керек.
"Ортопедтердің кеңесіне сәйкес, угги етігінің денсаулыққа зияны тимес үшін күніне 2-3 сағаттан артық киюге болмайды. Қыс бойы бір угги етігін ғана киіп жүрмей, маусымдық екінші етікпен алмастыру керек", - деді маман.
Терапевт қыстық аяқ киім таңдау кезінде неге мән берген жөн екеніне кеңес берді.
Угги етіктері киюге қаншалық ыңғайлы болса, адам денсаулығына соншалық зиян. Сондықтан аяқ киім таңдағанда бірінші кезекте, аяқ киімнің құрамы таза, яғни былғары тері, мақта, жүннен жасалғанына қараған жөн. Тіпті синтетикалық материалдан жасалғанының өзінде жоғары сапалы, аяқты дем алдыратын болуы керек. Екінші кезекте, табаны тегіс болмай, өкшесі табанына екі сантиметрге жоғары болуы керек. Аяқ киімді киген кезде бір сантиметр орын бос қалуы қажет. Себебі неде? Етіктің ішінде аяқ саусақтары бос жатуы шарт. Яғни, аяқ киім аяқтың пішініне, өлшеміне, сапасына сәйкес болғаны дұрыс.
Дұрыс таңдалған аяқ киім денсаулық үшін өте маңызды, сол себепті аяқ киімнің денсаулық кепілі деп сенімді түрде айта аламыз", - дейді Маржан Әбдіғалиева.
Айта кетейік, бұған дейін угги етігін қалай тазалау керегі хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Жаңа жылға не сыйлауға болмайды?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!