Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның ХІ Азаматтық форумының жұмысына қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларына арналған құттықтау сөзін оқып берді.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде қатысушыларды құттықтап, 20 жыл ішінде бұл форумның тиімділігі мен қажеттілігі дәлелденіп, салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылатын алаңға айналғанын атап өтті.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер қоғамда жаңа этика қалыптастыруды талап етеді. Осы орайда әділдік пен гуманизм, өзара сенім мен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен білімпаздық жаңа этиканың өзегі болуға тиіс. Мемлекет пен үкіметтік емес сектордың тығыз ынтымақтастығы елімізді жан-жақты дамытуға ықпал етіп, Әділетті Қазақстанды құруға жол ашады деп сенемін, – делінген Президенттің құттықтауында.
Мәжіліс Спикері Президенттің бастамасымен елімізде мемлекеттік билік институттарын жетілдіруге және азаматтық қоғамның дамуына бағытталған реформалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол үкіметтік емес ұйымдар Мемлекет басшысының барлық маңызды бастамаларының драйвері және елдегі демократиялық өзгерістердің баянды болуының кепілі болуға тиіс екенін атап өтті.
Президент азаматтық қоғамды мемлекеттің ең өзекті міндеттерін талқылауға тарту қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан біздің мақсатымыз – қоғамды толғандыратын барлық пікірталастарды Парламент қабырғасында талқылау. Мәжіліс жанында үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен ғалымдарға түрлі мәселе бойынша өз ұстанымдарын таныстыруға мүмкіндік беретін Қоғамдық палата жұмыс істейді. Отырыстардың бірін еліміздегі азаматтық секторды дамытуға арнаған жөн деп санаймын, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ Ерлан Қошанов бүгінде Мәжілісте заң шығару жұмысы барысында қоғамдық пікір ескерілетінін айтты. Палата спикері мысал ретінде азаматтарға мемлекет басқару ісіне қатысуға жаңа мүмкіндіктер беріп, петициялар институтын енгізген Қоғамдық бақылау туралы заңның қабылданғанын атап өтті.
Мәжіліс төрағасы барлық заң шығару процесінің ашықтығы бүгінде депутаттар жұмысының басты принципі және онсыз қоғамның сеніміне қол жеткізу мүмкін емес екеніне назар аударды. Сонымен қатар азаматтық белсенділерді Мәжілістің заң шығару жұмысына атсалысуға шақырды.
Қазақстанның XI Азаматтық форумы Астанада 600-ден астам адамды, оның ішінде Орталық Азия елдерінен келген делегаттардың басын қосты. Іс-шарада белсенділер, үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері ел дамуының және жаһандық сын-қатерлерді еңсерудің өзекті мәселелерін талқылайды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!