Алматыда университет маңындағы субұрқақ жанында мерт болған жігітке қатысты жаңа деректер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
КТК телеарнасының мәліметінше, марқұм жігіт ҰБТ тапсыруға келген талапкер. Бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр. 17 жастағы жігіт Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аумағындағы субұрқаққа түсіп, селфи жасамақ болған.
Ол суға құлап, жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Университет өкілдерінің айтуынша, 11 сынып оқушысы білім ордасына ҰБТ тапсыруға келген. Бірақ техникалық ақауға байланысты бүкіл Алматыда кеше сынақ өткізілмей, тест тапсыруға келгендер үйіне таратылған.
Жігіттің өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Дегенмен сол жердегі куәгерлер әртүрлі болжам айтады. Бірі фонтанға түскенде электр тоғы соққан десе, екіншісі жүрек талмасынан кетті дейді. Қазір полиция департаменті оқушының өліміне қатысты тергеуді бастады. Өлім себебі енді тек сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда университет маңындағы субұрқақ жанында жігіт өлі табылғанын хабарлаған едік.
Алдын ала мәлімет бойынша, жігіттің жүрегі тоқтап қалған.
Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз