ҰБТ сұрақтары 50 пайыз жаңарды

ҰБТ сұрақтары 50 пайыз жаңарды
Фото: khabar.kz

2018 жылға арналған Ұлттық бірыңғай тестінің сұрақтары 50 пайызға жаңарды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұлов айтты.

«Ағымдағы жылы ҰБТ 15-ші рет өтейін деп отыр. Осы уақыттың аралығында шамамен 1,5 млн түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Қазіргі уақытта 2018 жылдың ҰБТ-сына дайындық штаттық режімде жүргізіліп жатыр. Барлық аудитория дайын. Өздеріңізде білетіндей, биыл оның форматы өзгермейді. Үш міндетті пән болады: Қазақстан тарихынан 20, сауатты оқудан 20 және математикалық сауаттылықтан 20 және таңдап алынған 2 пәннен 30 сұрақтан»,– деді ол. 

Орталық басшысының айтуынша, бүгінде республикалық аппеляциялық комиссияның мүшелері іріктеп алынған. Оған 54 адам кіріп отыр. 

«Аппеляция тетігі де сақталады, ешқандай өзгеріс жоқ. Яғни, ҰБТ тапсырған түлек келесі күні сағат 13:00-ге дейін дау тудырған сауалға байланысты жергілікті аппеляциялық комиссияға өтінім бере алады. Одан кейін егер жергілікті комиссия дауласуға себеп бар деп шешсе, онда материалдарды республикалық комиссияға береді», – деді орталық басшысы. 

Оның дерегінше, өткен жылы 198 апеляциялық шағым түссе, оның 50 пайызы техникалық мәселелерге қатысты болған. Мазмұнына қатысты 98 мәселе көтеріліп, қанағаттандырылған. 

«Өткен жылы ҰБТ-ның тест тапсырмалары 40 мың болса, соның 98 сұрағы, яғни 0,02 пайызы ғана дау тудырды. Әлемдік тәжірибеде 1 пайызға дейін жіберіледі. Біз бұл дұрыс көрсеткіш деп санаймыз. Ағымдағы жылы тест сұрақтарының базасы 50 пайызға жаңарды және биылғы ҰБТ-да 80 мың сұрақ болады», – деді ол.

Дереккөз: inform.kz

Massaget.kz