Биыл Қазақстанда алғаш рет Ұлттық бірыңғай тестілеу электрон форматта, яғни, комьютерлік режімде өткізілмек. Осы форматтың артықшылығы жайлы ҚР БҒМ департамент директоры Әділет Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Білім министрлігі өкілінің айтуынша, электрон форматта тестілеу жүргізудің оқушы үшін де, мемлекеттік бюджет үшін де артықшылығы мол. Ең алдымен, оқушылар бұрынғыдай ҰБТ-ны бір рет емес, екі рет тапсыруға мүмкіндік туады.
"Бұрын ҰБТ науқаны 10 күнге ғана созылатын. Қазір үш ай – сәуір, мамыр және маусым айлары түгелдей ҰБТ тапсыруға арналады. Осы аралықта түлектер ҰБТ-ы бір емес, екі рет тапсыруына болады. Бұл оқушылардың күйзелісін азайтуға, барынша көбірек ұпай жинауға, сол арқылы өзі қалаған мамандығына оқуға түсуіне көмектеседі. Оның үстіне, түлек тестіні қай жерде және қай уақытта тапсыратынын бір өзі таңдайды. Бұл да стресті азайтады", - деп түсіндірді Әділет Тойбаев.
Электрон тестілеудің тағы бір артықшылығы – оқушы белгілеп шыққан тестін қайта тексеріп шығуына мүмкіндігі бар. Белгілеп кеткен сауалына қайта орала алады.
"Электронды тестілеу "бір оқушы – бір компьютер – бір камера" режімінде өтеді. Біз ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жіті көңіл бөлдік. Тестілеу процесі арнайы жабық VPN-желісі арқылы өтеді. Айта кеткен жөн, тест нұсқалары мен жауаптары – түпнұсқа. Яғни, бір оқушыға бір-ақ нұсқа келеді. Мұны бағдарлама өзі реттеп отырады", - дейді министрлік өкілі.
Тапсыратын пәндер, сұрақ саны мен тестілеу уақыты бұрынғыдай: үш міндетті пән, екі бейінді пән. 120 сұрақ және 140 балл.
Қазақстан тарихы – 15 сұрақ
Математикалық сауаттылық – 15 сұрақ
Оқу сауаттылығы – 20 сұрақ
Екі бейінді пәннен – 35 сұрақтан.
Тестілеуге 240 минут (4 сағат) уақыт беріледі. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін сағат сайын үзіліс жарияланады. Ал екі сағаттан кейін 15 минуттық үзіліс болады.
"ҰБТ тапсырушы түлекті бақылап отыратын арнайы камера болады. Ол бөгде заттарды анықтап, белгі береді. Сақталған видеоны біз ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін тағы бір қарап, ереже бұзғандарды анықтаймыз. Табылған жағдайда тест нәтижесі жойылады", - дейді Тойбаев.
Айта кеткен жөн, ҰБТ-ның жауабы тапсырған сәтте бірден шығады. Түлектің келіспейтін сұрақтары болса, 30 минуттың ішінде аппеляцияға береді. Апелляцияның жауабы 1 айда дайын болады.
Электрон түрдегі ҰБТ-ның тағы бір тиімді тұсы – бюджет қаржысын үнемдеу.
ҚР ҒЖМ Ұлттық тестілеу орталығы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, биылғы электронды ҰБТ-ға 400 млн теңге жұмсалмақ.
"Бұрынғы ҰБТ-ға 1 млрд теңге қаржы жұмсалатын. Биыл біз мұны 600 млн теңге дейін үнемеуді жоспарлап отырмыз", - дейді Смағұлов.