Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ҰБТ-ға қатысты қандай өзгерістер болатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аида Балаеваның сөзінше, бүгінде әлемнің жетекші елдерінде жаңа білім беру модельдері жасалып, халықаралық ынтымақтастық күшейіп, цифрлық жүйелер енгізіліп жатыр. Мұндай тәсілдер оқушылардың қабілетін ерте анықтауға, таланттарды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ, жеке білім беру траекторияларын дамытуға мүмкіндік беретін жаңа білім беру жүйесін қалыптастырады.
"Осы үдерісте талапкерлерді іріктеу жүйесін, соның ішінде ҰБТ-ны жетілдіру шешуші рөл атқарады. Көпжылдық тәжірибе ҰБТ жүйесі жоғары оқу орындарына түсу кезінде ашықтықты, қолжетімділікті және бірыңғай талаптарды қамтамасыз ететін тиімді құрал екенін көрсетті. Алайда әр заманның өз талабы бар. Уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығы, құзыреттер мен ережелер өзгеріп жатыр. Білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесі талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді. Сонымен қатар, қазір жоғары оқу орындары білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды. Себебі мүмкіндігі шектеулі. Бұл ең алдымен адами капиталды дамытудың негізгі қозғаушы күші саналатын педагогикалық жоғары оқу орындарына қатысты", - деді ол.
Премьер-министрдің орынбасары осыған байланысты бірқатар шара қабылдау қажет екенін жеткізді. Соның бірі - педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкерлерді іріктеу кезінде тестілеу жүйесі мен арнайы емтихандарды қатар қолданатын гибрид бағалау формасын енгізу.
"Бұл ретте негізгі назар пәндік білімге ғана емес, ойлау қабілетіне, талдау дағдысына, оқуға дайындық деңгейіне және басқа да маңызды көрсеткіштерге аударылуға тиіс. Өйткені педагог жай ғана мамандық емес. Бұл - балалармен жұмыс істейтін, үлкен жауапкершілік жүгін арқалаған тұлға. Сондықтан бұл мамандық үшін біліммен қатар, сыныппен жұмыс істеу, оқушылардың ерекше қабілетін анықтай білу аса маңызды. Келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ-мен қатар ауызша емтихандардың нәтижелері де ескерілмек. Бұл емтихандарда талапкерлердің сыни ойлау қабілеті мен коммуникациялық дағдысы негізгі критерий болады. Сондай-ақ, бұл мәселеде халықаралық сарапшылармен бірлесіп әзірленіп жатқан жаңа Admissions Insight Test тапсырмаларына ерекше мән беріледі", - деді шенеунік.
Аида Балаева тағы бір маңызды өзгерісті айтты.
"ҰБТ-ны тұтастай жаңғыртып, оны бір рет тапсыратындай етіп бекіту қажет. Бұл грант конкурсына қатысу үшін объективті әрі ең басты баға ретінде қарастырылуға тиіс. Сонымен қатар, сынақ тестілеу жүйесі сақталады", - деді ол.
Премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, жоғары оқу орындарына дайындық бағдарламалары (Foundation) арқылы шартты түрде қабылдау жүйесінен бас тарту қажет.
"Кейінгі көрсеткіштер бойынша шартты түрде қабылданған студенттердің шамамен 50-60 пайызы оқу жылы ішінде ең төменгі шекті балл жинай алмайды. Сондықтан талапкерлер болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы аса маңызды. Құрметті достар! ҰБТ жүйесін өзгерту тестілеуден бас тарту емес екенін тағы да атап өткім келеді. Бұл - дарынды талапкерлерді анықтауға, әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін наурыздағы ҰБТ-ның нәтижесі жарияланды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова