Ұлттық бірыңғай тестілеуді электрон форматқа ауыстырғаннан кейін тест тапсырушыларға калькулятор, Менделеев (Химиялық элементтердің периодтық жүйесі) және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болды. Олар тестілеу бағдарламасына енгізілген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Өздеріңіз білетіндей, компьютерде "Химия" пәнін тапсырушыларға Менделеев және тұздардың ерігіштік кестесі ұсынылады. Алайда түлектер оның қағаз нұсқасын пайдалануға рұқсат сұрады. Сондықтан, біз 2023 жылғы ҰБТ-да тестіленушілердің қалауы бойынша кестелердің қағаз нұсқасын беру туралы шешім қабылдадық", - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Ұлттық тестілеу орталығы директорының айтуынша, талапкерлер кестелердің электрондық форматын да, қағаз форматын да қолдана алады. Сондай-ақ, ол талапкерлерге қағаз нұсқаларды тек тестілеу әкімшілері ҰБТ-ның өзінде беретінін ескертті.
Естеріңізге сала кетейік, тестілеу кезінде барлық талапкер үшін компьютер экранында "Математикалық сауаттылық", "Математика", "Информатика", "Физика", "Химия", "География" және "Биология" пәндері бойынша есептерді шешуге арналған калькулятор болады.
Сонымен қатар, тестің өзінде "Информатиканы" орыс тілінде тапсырушыларда қазақ және ағылшын тілінде, қазақ және ағылшын тілінде тапсырушыларда орыс және ағылшын тілінде, ағылшын тілінде тапсырушыларда қазақ және орыс тілінде терминдерінің аудармасы болады.
Тестілеу аяқталғаннан кейін әр пән бойынша тақырыптық талдау ұсынылады. Бұл тек тестілеу нәтижелерімен емес, сонымен қатар ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындалу үшін бірінші мүмкіндікте қателіктер жіберген тақырыптармен танысуға мүмкіндік береді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!