ҰБТ-ға қатысты маңызды өзгерістер: не білу керек?

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу ережесі өзгерді. Енді емтиханға тіркеліп, бірақ тестке келе алмаған талапкер оны басқа күні тапсыра алады. Тиісті бұйрыққа ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құжат 2017 жылдан бері қолданыста болған ҰБТ өткізу ережелеріне өзгерістер енгізеді.

Басқа күнге ауыстыру

Жаңа ережеге сәйкес ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп, бірақ емтиханға келмеген талапкер кейінгі күндердің бірінде бос орын болған жағдайда тест тапсыра алады.

Ол үшін дәлелді себеп болуы керек:

  • ауырып қалу немесе ауруханаға жату;
  • жақын туысы қайтыс болуы;
  • республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға, байқауларға немесе спорттық жарыстарға қатысу;
  • төтенше жағдай.

Мұндай жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы директорының атына өтініш жазып, растайтын құжаттарды да тапсыру қажет.

Өтініш беру мерзімі бекітілді

Ережеде тестілеуге қатысу үшін өтініш беру кезеңдері де белгіленген. Өтінішті онлайн түрде:

  • 20-30 желтоқсан;
  • 15-25 ақпан;
  • 10-25 сәуір;
  • 25 шілде-5 тамыз аралығында беруге болады.

Тіркелу кезінде талапкер тестілеу пунктін, емтихан күнін және уақытын таңдайды.

Апелляцияға беру тәртібі өзгерді

Тест аяқталғаннан кейін компьютер экранында нәтижені талдау картасы, яғни жауап нұсқалары мен жиналған балдар көрсетіледі.

Талапкерге нәтижемен танысып, апелляцияға беру немесе тестті аяқтау туралы шешім қабылдау үшін 10 минут беріледі.

Апелляцияға өтінішті тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Апелляция нәтижесі 30 жұмыс күні ішінде шығады.

Бір мамандық үшін пәндер комбинациясы өзгерді

"Химиялық инженерия және процестер" білім беру бағдарламасы үшін бейінді пәндер түзетілді. Бұл мамандыққа түсу үшін мына пәндерді тапсыру керек:

  • химия,
  • физика немесе биология.

Айта кетейік, тест құрылымы өзгерген жоқ. Талапкерлер бұрынғыдай Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейінді пән бойынша тест тапсырады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз