Алаяқтық жасаған күдікті Албаниядан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Албаниядағы елшілігінің қолдауымен бірнеше рет алаяқтық жасаған Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Күдікті 2022-2023 жылдар аралығында интернет ресурстарды пайдаланып, жоғарғы сынып оқушыларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындау және жоғарғы оқу орындарына кепілді түрде түсу бойынша қызмет көрсету туралы көрінеу жалған мәлімет таратқан.
Заңсыз әрекет салдарынан 32 азамат жалпы сомасы 28 миллион теңгеден аса қаражатынан айырылған. Күдікті қылмыс жасағаннан кейін жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
"Ол 2025 жылы мамырда Албания Республикасында ұсталып, Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз