Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында мектептен кейінгі білім беру жүйесінде болатын өзгерістерді атады. Министр 2020-2025 жылдарға арналған жобаларды таныстырды.
"Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру тәртібі электрон форматқа көшіріледі. Гранттардың бірнеше түрі енгізіліп, жоғары оқудың ашықтығы, қолжетімдігі қамтамасыз етіледі. 2025 жылға дейін 90 мың орынға арналған жатақханалар салынады. Педагогика мамандарын даярлайтын 85 университке қосымша талап қойып, олардың санын азайтып, материалдық базасын нығайтамыз", - деді Аймағамбетов.
Министр алдағы 6 жылда колледж түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 60%-тен 75%-ке дейін өзгеретінін айтты.
"Жоғары білім бағдарламалары кәсіби стандарттарға негізделіп, 100% жаңарады. Шетел студенттерінің саны жалпы контингенттің 10%-ін құрайды.
Профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеріп, университеттердің материалдық базасын жақсарту көзделіп отыр. Білім гранттары орташа алғанда 340-420 мыңнан 900 мыңға дейін өседі. Бұл – көптен күткен жаңалық. 2011 жылдан бастап грант құны бұлай өзгермеген. Бұған бюджетен 244 млн теңге бөлінеді. 10 университетте академиялық басымдық орталықтарын құру үшін 21 млрд теңге бөлініп, 10 университет әлемнің үздік 500 университеті қатарына кіреді, - деді Аймағамбетов.