Уақыт ауысуынан АЭС салуға мәжбүр болатынымыз рас па?

Уақыт ауысуынан АЭС салуға мәжбүр болатынымыз рас па?
Фото: depositphotos.com

Уақыт белдеуінің ауысуы мен Атом электр станциясы салынуының қандай байланысы бар? Уақыттың ауысуынан энергия тапшылығы пайда болуы мүмкін бе? Massaget.kz тілшісі анықтап көрді. 

Massaget.kz редакциясына "уақыт белдеуінің ауысына қатысты энергия тапшылығы пайда болуы мүмкін. Салдарынан қаласаң да, қаламасаң да Атом электр станциясын салуға мәжбүр болатынымыз рас па?" деп оқырмандардың бірі жүгінді. Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін Энергетика министрлігіне сауал жолдадық. 

Министрлік өкілдерінің айтуынша, болашақта еліміздің оңтүстік өңірлерінде энергия тапшы болады. 

"Уақытты аудару уәкілетті мемлекеттік органдардың құзыретінде және олардың шешімдері көптеген факторды ескере отырып қабылданады. Алайда уақыттың өзгеруі халықтың электр энергиясын тұтынуды артуына әкелсе, онда алдымызда электр энергиясын өндіруді ұлғайту міндеті тұр.

Осы тұрғыда, АЭС салу - энергетикалық тәуелсіздік пен тұрақтылық жолындағы негізгі қадам. АЭС, ең алдымен, энергетикалық тұрақтылық. Бір күн электр энергиясы болмай қалса, оның шығынын түгел есептептесек, өте қомақты ақшаға айналады. Өйткені ондай жағдайда қандайда бір затты өндіру оңай емес, инфрақұрылымға тигізетін әсері өте жоғары. Осы бір қырынан қарасақ, энергетикалық қауіпсіздік алдыңғы орындардың бірінде тұрады. Адамның ең үлкен байлығы - денсаулық, ал мемлекеттің күші мен әлеуеті оның энергетикалық мүмкіндіктеріне байланысты. Экономика саласында электр қуатының рөлі айрықша маңызды. Елде, әсіресе оңтүстік аймақтарда, болашақта энергия тапшылығы байқалатын болады. Біз жетіспеген энергияны шетелден сатып алуға мәжбүрміз, бірақ бұл өте қымбатқа түседі. Мұндай жағдайда, ел табысы шетелдік экономиканы дамытуға жұмсалатыны анық. Сондықтан энергия тапшылығын шешу мақсатында, АЭС орны ерекше орынға ие болады", - делінген жауапта. 

Еске салайық, бұған дейін танымал журналист, тележүргізуші Дина Төлепберген уақыт белдеуінен мүлдем бас тартып, батыс және шығыс уақыттарын бөлек жасау керегін айтып, ҚР Президентіне үндеу жариялаған еді. 

"Менің уақыт жайлы жазбам үлкен қолдауға ие болды. Көп рақмет! Пікірге қарасам, елдің көбі жазғы уақыт сәйкестігімен келіспей жатыр, ал қысты күдікпен күтіп жатыр. Бұл әсіресе Шығыс Қазақстан тұрғындарын алаңдатады", - деген Дина Төлепберген шығыста күннің 03:21-де ататынын жазған. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек