Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер туралы ойын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мобилизацияға байланысты келіп жатқан ресейліктерге қатысты жағдай бұл уақытша құбылыс, олардың көбі ары қарай Қазақстаннан өзге елдерге кетеді. Сондықтан бұл уақытша құбылыс. Әрине, белгілі бір деңгейде инфрақұрылымға "қысым" бар, оның бәрін тез арада шешеміз", - деді министр Үкімет отырысынан кейін.
Ресейліктердің жаппай келуі: Қазақстан билігінің реакциясы
Қуантыров Қазақстанға келіп жатқан ресейліктер елде тек 90 күн бола алатынын еске салды.
"Келіп жатқан ресейліктерге халқымыз көмектесіп жатыр, шекарамыз ашық, халықаралық міндетімізді орындап отырмыз, ашық болу - біздің ұстанымымыз. Бірақ біз бекітілген заң бойынша ғана жұмыс істеп отырмыз. Елге келіп жатқан азаматтар Қазақстанда 90 күн ғана бола алады. Әрине, әртүрлі әлеуметтік қауіп бар, бірақ оның алдын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.
Еске салайық, Қазақстанда қыркүйекте 900-ге жуық шетелдік тұруға ықтиярхат алу үшін жүгінген. Бұл туралы ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы полиция полковнигі Аслан Аталықов мәлімдеген болатын.
Оның айтуынша, Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін кез келген шетелдік өтініш бере алады.
"1-24 қыркүйек аралығында тұруға рұқсат алу үшін 896 шетелдік өтініш білдірді, оның ішінде 115 адам - Ресей азаматы. Тұрақты тұруға рұқсат алу үшін Қазақстанға заңды негізде келген кез келген шетелдік, оның ішінде Ресей Федерациясынан да өтініш бере алады. Шетелдік елге заңсыз келсе, онда тұруға рұқсат алу туралы сөз қозғалмайды. Тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылатын жағдайдың барлық шарты "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 49-бабында көрсетілген", - деді Аталықов онлайн-брифинг барысында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!