- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Уақыт белдеуінің зерттеуі
Уақыт белдеуінің әсерін зерттеуге 100 млн теңге бөлінеді
Үкімет уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 100 млн теңгеден астам қаржы жұмсамақшы. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда 160 миллион теңгеге өтінім түскен, бірақ қаражат қысқаруы мүмкін.
"Өтінім үш жылдық бюджетке – 160 миллион теңгеге берілген, бірақ шын мәнінде бұл сома азаяды. Меніңше, шамамен жартысына қысқарады, яғни 90-100 миллион теңге көлемінде болады", – деді Нұрбек.
Оның айтуынша, жуырда ғана Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысы өткен, енді жақында конкурс жарияланады. Осыдан кейін Ұлттық ғылыми кеңес зерттеудің нақты құнын анықтайды.
"Уақыт белдеуінің әсерін зерттеу алгоритмін нақты білмеймін, өйткені әзірге бұл тек өтінім. Конкурс өткеннен кейін қалай жүргізілетінін көреміз. Зерттеуге физиология институты, біздің география институтымыз қатысады", – деп нақтылады министр.
Зерттеудің қалай жүргізілетіні туралы сұраққа жауап бере отырып, ол оның "сауалнама әдісімен емес" жүргізілетінін айтты. Министрдің сөзінше, үкімет Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін сақтап қалу туралы шешім қабылдағанына қарамастан, бұл зерттеуге жұмсалатын қаражат босқа кетпейді: "Қоғамдық сұраныс болды, сондықтан біз жауап беруге мәжбүрміз. Денсаулық сақтау министрлігі толық қолдау білдірді, ал біз грант бөлетін ұйым ретінде бұл жобаны қолдадық" деді Саясат Нұрбек.
Айта кетейік, 19 қараша күні Үкімет бірыңғай уақыт белдеуі туралы мәлімдеме жасады. Бектенов аталған шешімді ғылыми тұрғыдан дұрыс деп санайтындарын жеткізді. 2024 жылғы 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Бірақ тұрғындардың басым көпшілігі бірыңғай уақыт белдеуі кері әсер етіп жатқанын айтып, петиция жинады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Бақдаулет