Уақыт белдеуі денсаулыққа қалай әсер етіп жатыр?

Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуі енгізілген соң ауруханалар мен емханаларға науқастар айтарлықтай түскен жоқ. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысынан соң министрге: "Биыл ақпанда сізге сұрақ қойғамын. Онда сіз "Жаңа уақыт белдеуі халықтың денсаулығына оң әсер етеді деп есептеймінә деп айтқансыз. Бірақ бұрынғы уақыт белдеуін қайтару үшін петицияға қол қойып жатқан азаматтар бар. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы тұрғындарды айтуға болады. Онда уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты тұрғындарға психологиялық, физикалық жүктеме түскен.

"Ертерек тұратын болдық, ұйқымыз қанбайды, жұмысымыз өнбейді" деп тұрғындар шағым айтып жатыр. Сіз әлі де сол пікірдесіз бе? Қазір петицияға қол қойғандардың саны 50 мыңнан асты. Қазір қандай пікірдесіз? Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару керек деп ойламайсыз ба?", - деген сұрақ қойылды.

Ақмарал Әлназарова барлық жұмыс ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілгенін жеткізді.

"Негізі сағат белдеуін өзгерту мәселесі бірнеше жылдан бері талқыланды. Біріншіден, еліміздегі ғылыми орталықтар бұл жұмысқа тартылды. Мысалы, физиология институты, Фесенков атындағы астрофизика институты. Сондықтан бұл шешім ғылыми деректерге сүйене отырып қабылданды. Екіншіден, сағат белдеуі өзгергеннен кейін емханалар мен ауруханаларға науқастардың айтарлықтай түсіп жатқанын байқамадық. Сондықтан бүгінде (уақыт белдеуін өзгерту) денсаулыққа кері әсерін тигізген жоқ деп айтуға негіз бар", - деді министр.

Ведомство басшысы Шығыс Қазақстандағы мәселеге тоқталды.

"Бұл мәселені негізінен Шығыс Қазақстан облысындағы азаматтарымыз көтеріп отыр. Онда күннің тез шығып, ерте бату мәселесі бар. Алайда мұнда денсаулыққа қатысты мәселе көріп тұрған жоқпын", - деді Ақмарал Әлназарова.

Еске салайық, биыл 1 наурызда елімізде бірыңғай уақыт белдеуі (UTC+5) енгізілген еді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!