Зайсан ауданына қарасты 8 елдімекеннің тұрғындары күні бүгінге дейін газға қосыла алмай отыр. Негізінен көгілдір отын бұл жақта 2013 жылдан бері өндіріліп келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Солардың бірі – Дайыр ауылы. Бұл жақта әкім қаралар да жиі ауысады. Тұрғындар сөзінше, ешбірі нақты бір жұмыстың шетін шығармады.
"Биыл Дайырда басталды деп естідік. Дегенмен қозғалыс тым баяу. Осыған газ тарту саласынан хабары бар мамандарды шақырып, қосымша бригада құру орынды сияқты. Әйтпесе, сегіз ауылдық округтегі газ мәселесі қай уақытта шешіліп бітеді?", – деді аудан тұрғыны Раиса Шотаева.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев осыған дейін зайсандықтармен жүздескенде қорда қанша газ барын нақтылап алу керектігін алға тартқан болатын. Дайыр жұрты бүгінге дейін отын жарып, көмір жағып келеді. Қазіргі жағдайды естіген олар "уәде орындалмады" десті. Аудан көлемінде 10 елдімекенге газ тартылған. Қалған сегіз ауылды қамту жобасы 2019 жылы әзірленген болатын. Ресми ақпаратқа сүйенсек, оның құны – 1 млрд 267 млн теңге. Мемлекеттік сатып алу порталында былтыр тендер ойнатылып, мердігер анықталды. Дегенмен конкурста екінші орын алған мекеме шатақ шығарып, іс Жоғарғы сотқа өтті. Содан сегіз айға созылып, биыл маусым айында аяқталды.
Ал бұл аралықта жобаның уақыты өтіп кетті. Есесіне, жұмысқа керек материалдардың көбінің бағасы шарықтады. Осы себепті мердігер компания жоба құнын қымбаттату үшін құжатты әкімшілікке екінші қайтара өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ришат Рамазановтың сөзінше, жұмыс желтоқсан айында аяқталады.
"Осыған сәйкес бюджеттен қайтадан қаржы бөлінеді. Ол сома компания шотына аударылған жағдайда бірден жұмыс басталады. Менің саралауымша, бұл тірлік тек бір жылдан соң тәмамдалмақ", – деді ол.
Асыл Бигелді
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!