Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева 4 жылдың ішінде алғаш рет сұхбат беріп, күйеуі түрмеде болғанда қалай қиналғанын, ел ішінде күйеуі туралы тараған қауесетке жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол бұл туралы Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында бөлісті. Ақынның сөзінше, ол күйеуімен әлеуметтік желі арқылы танысқан.
"Қиын болды, әрине, маған. Бірақ мен ол кезде бұл менің сыналатын тұсым деп ойладым. Ыстамбұлда болғанда жалғызсырадым, бірақ қиналдым деп айтпаймын. Ол кісіге "егер мықты болсаң, аяғына дейін алып шығасың" дедім. Ол жазықсыз болды ғой. Тіпті жазығы болған жоқ. Түркияда 20-100 жылға дейін жаза тағайындай береді. Қандай жаза болса да, ақыретке дейін бірге боламыз деп уәде бердік", - деді Айнұр Тұрсынбаева.
Өнер иесі, сондай-ақ, күйеуінің мінезі туралы айтты. Оның сөзінше, күйеуі - нәзік әрі жұмсақ жан.
"Ерекше адам. Көп досы сый-құрмет көрсетіп жатады ғой. Оның бүгін 10 миллионы бар, ертең 10 теңгесі де болмай қалуы мүмкін. Ол қолындағысын тарата салады. Адамдар оны Түркияға әдейі іздеп келеді. Нұржан оны танымай, ол кім десе, "бұрын қиналып жүргенде көлігіңізді беріп едіңіз ғой" деп іздеп келгендер болды. "Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады-ау ертеңіне" деген осы кісіге айтылған", - дейді ол.
Айнұр Тұрсынбаева күйеуі Нұржанның лақапаты туралы да бөлісті.
"Ол "Нойс деген атының өзі қорқынышты, біртүрлі" дейтіндер бар. Ол лақапаты мектепті шулатып жүргенде мұғалімдерінің қойған аты екен. Ел қылмыс әлемінде жүрген деп айтып жүр ғой, бірақ оның қасына 6 күн жүрген адам таңғалады. Негізі, ол - жаны жұмсақ жан. Тіпті романтикалық фильмдерді көрсе жылап қалуы мүмкін", - дейді ақын.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!