“У қосылған иіссу“. Чаттарда қорқынышты ақпарат тарады

WhatsApp мессенджерінде у қосылған әтір сататындар туралы ақпарат тарап жатыр. Хабарламада оны иіскеген адам қайтыс болатыны айтылады. Бұл - ескі фейк, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі stopfake.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, у қосылған иіссу туралы хабарлама желіде бір жыл бұрын тараған. Ақпанда ол интернеттің ресейлік сегментінде пайда болған, кейін бұл ақпаратты Беларусь және Эстония тұрғындары таратқан.

"Алдымен хабарламаның саяси астары бар, онда Луганск тұрғындары Ресей немесе Беларусь қалаларында у қосылған әтір сататыны айтылды. Бұл ақпарат расталған жоқ. Полицейлер мұндай деректер тіркелмегенін хабарлады. Бұл ақпаратты Ресейдің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және адамның әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералды қызметі де жоққа шығарды. Фейк Қазақстанға 2023 жылғы наурызда жетті. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында у қосылған әтір сатылатыны туралы қауесет тарады", - деп жазылған хабарламада.

Басылым ақпаратына сүйенсек, оқиға қайталанып жатыр.

"Жалған хабарламалардың құрбаны болмау және дүрбелең тудырмау үшін ойланыңыз. Ақпаратты тексеріңіз. Іздеу жүйесінде "у қосылған иіссу" немесе "у қосылған әтір" деп терсеңіз, бұл мифті қанша фактчекер жоққа шығарғанын көресіз", - деп жазылған мәліметте.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!