Тізімде бар, балабақшада жоқ - Шымкентте бюджет қаржысын жымқырған директорлар сотталды

Тізімде бар, балабақшада жоқ - Шымкентте бюджет қаржысын жымқырған директорлар сотталды
Фото: Tengrinews.kz мұрағатынан

Шымкентте қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот екі балабақша директорына қатысты үкім шығарды. Олар алаяқтық жасағаны үшін айыпталды. Сотталушылар тізімдерде балабақшаға бармаған балаларды көрсетіп, білім беру саласына арналған бюджеттік қаражатты иемденген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот анықтағандай, балабақша директоры әрі құрылтайшысы Т. 2019 жылдан 2021 жылға дейін балабақшаға келмеген балаларды тізімге қосып, бюджеттен 3 104 625 теңге жымқырған. Сот оны басшылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырды.

Айыпталушы кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтегенін мәлімдеді, бірақ бұл жазаға кедергі болған жоқ. Осыған ұқсас қылмыс Б. балабақшасында да анықталды. 2020 жылдан 2023 жылға дейін директор есептерде балабақшаға келмеген балаларды көрсетіп, 5 245 013 теңгені жымқырған. Сот оны 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға және басшылық қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім етті. Айыпталушы кінәсін мойындап, ұрланған қаражатты қайтарғанын мәлімдеді.

Екі директор да жазаларын орташа қауіпсіздік мекемелерінде өтейтін болады. Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметінше, бұл жағдайлар мектепке дейінгі білім беру саласындағы бюджеттік қаражатты пайдалану тәртібін тексеру барысында анықталған. Ведомство мұндай оқиғалардың алдын алу үшін бақылауды күшейту шаралары жалғастырылатынын айтты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет