Өскеменде қоғамдық көліктерде, сауда орындарында, көшелерде бойшаң тұрғындарды жиі кездестіріп қалуға болады. Жоғарыдан бәрін көру оңай дегенімізбен, сұңғақ адамдар да бойшаң болудың кемшін тұсы бар екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өскеменде тұратын Мақсат Ахметжанов (33 жаста), Александр Поданев (33 жаста) және Владимир Кухтенко (76 жаста) кез келген зат пен өлшемнің ортақ талапқа сәйкес етіп әзірленгенін ескеріп, қоғамдағы өзгерістерге барынша бейімделіп бағып отыр.
Александр Поданев он төрт жасында күрт өсе бастапты. Сыныптастарының барлығы әрі кеткенде иығынан келген.
"Жоғары сынып оқып жүрген кезімде бой жағынан көбінен қара үзе бастадым, тіпті кейін де өсуім тоқтамады. Өзіме қылықтарым біртүрлі қолапайсыз көрінді. Тіпті бойы орташа немесе аласа жандардың жанында тұрғанда көп бүкірейетінмін. Кейін ойласам, сол кездегі ыңғайсызданғаным ақымақтық болыпты. Қазір бойым - 196 сантиметр, өзімді өте жақсы сезінемін", - дейді ол.
Мақсат Ахметжановтың отбасында еңселі адамдар аз емес. Өзі де сұңғақтығынан көп ыңғайсызданбаған көрінеді.
"Бала күнімде көбінің айтқан қалжыңдары мен берген лақапаты бойыма қатысты болатын. Сөйтіп, 203 сантиметр межесіне жетіп тоқтадым. Кез келген ұжымда әңгіме шертісуге себепшімін, көбі менің жайымды жақсы түсінеді. Оған қоса, "бойшаң адамдар табысқа қолжеткізеді" деп жатады ғой. Кейде осы ойлар арқылы өзімді бір қалыпта ұстаймын", - деді ол.
Олар киім-кешек сатып алу бір науқан екенін жеткізді. Алғанының жеңі мен балағы қысқа, я болмаса тым тар. Аяқкиім сатып алғанда да шақ келетінін табу әуре-сарсаңға салады.
"Алған аяқкиімім үнемі қысып тұратын. Осыдан 30-40 жыл бұрын 46-47 өлшемдісін табу мүмкін емес еді. Ал әскерде жүргенде тіпті ең үлкен бәтеңкенің өзі 45-өлшемнен аспайтын. Жарты ғұмырымда тар аяқкиім киіп шығыппын. Кейін металлургия зауытында жұмыс істеп жүргенде де арнайы киім табылмай әлекке түсетінмін", - дейді Владимир Кухтенко.
Бой ерекшелігіне тоқталғанда үйдегі жағдайлар да бірінен соң бірі айтылды.
"192 сантиметр бойыммен қай төсекке жатсам да аяқтарым едәуір шығып қалатын. Содан бір қызыққа тап келдім. Теледидардан 20 қытайды жайратып тастаған Ван-Даммның фильмін көріп отырған едім. Кешкісін көзім ілініп кеткенде сол кино түсіме кірді. Бірақ Ван-Даммның орнында қытайларға қарсы мен төбелесіп жатыр екенмін деймін. Жеңілмеудің бар амалын іздеген болуым керек, бұлқынып жатып аяғыммен бөлмедегі батареяны бар (төсегім терезеге жақын еді) пәрменіммен теуіп, ертесіне оңбай ауырғаны бар. Сөйтсем, бір бақайым сынып кетіпті", - дейді Владимир Степанович.
Мақсат Ахметжанов үйіндегі барлық жиһазды өзі жасап шығыпты. Ал Александр үшін үйіндегі айнасы биікте тұрса болды. Тағы бір дүние - автобус, пойыз, ұшаққа отырып, жолға шығу. Ол - сұңғақ жерлестеріміз үшін бір сынақ. Қоғамдық көлікте олардың ең осал тұсы - кәдімгі газельдер (маршрут - еск.).
"Ол жерде бойы орташа адамдардың өзі ығы-жығы болып, қабаттасып тұрады. Ал біз тізерлеп тұрсақ та, тіпті мың жерден бәкі құсап бүктетілсек те сондай жайсыз күйге түсеміз. Пойыз да дәл солай, үстіміздегі төсек тас төбемізден басып тұрғандай", - деді ол.
Тұрғындар жақындауға қысылып, сырттай таңырқап көз тастаса да дүкен сөрелеріндегі, күнделікті өмірде қолы жетпеген заттарды алып беруін өтінетін кездер көп болады екен. Терезені жауып, күйіп қалған шамды да ауыстыратын - осылар. Таныстарымен театр, киноға барғанда да бірі болмаса, бірі артқы қатарға отыруды ұсынады екен.
Көбі үшін өмірлік серік таңдауда болашақ жарының бойы ұзын болуы маңызды емес. Мысалы, Мақсат Ахметжановтың жарының бойы - 170 сантиметр. Жұбайын құшағына алғанда ғана сәл ыңғайсыз болмаса, өмір ағысы бірқалыпты, қоғам көшінен қалмай күн кешіп жатқандары бар.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!