Алматының Түрксіб ауданында 100-ден аса отбасы қабырғасы ылғал тартып, шатыры құлауға шақ қалған үйде тұрып жатыр. Аудан орталығында орналасқан үйлер осыдан бір ғасыр бұрын бой көтеріпті. Содан бері ешқандай жөндеу көрмеген. Тіпті қаланың коммуналдық қызметтеріне де қосылмапты. Баспанамыз опырылып, үйінді астында қаламызба деп қорыққан тұрғындар жергілікті әкімдік жағдайымызды көруге келмейді деп налиды. Massaget.kz тілшісі үрей мен үміттің арасында отырған тұрғындармен тілдесіп қайтты.
Ихтияр Ермағамбетовтің бұл үйде тұрғанына биыл 20 жыл болды. 1930 жылы қабырғасы қаланған баспанамыз бір сәтте құлап кете ме деп қауіптенеді. Әкімдіктің аузынан "баспана беріледі" деген сөз шықпапты. Тек "уақыты келгенде аласыңдар деген құрғақ уәдемен қатырып келеді" дейді ол.
"2003 жылы сатып алдым. Осы жиырма жылдан бері әкімдік бізді алдап келеді. Алған жылы осы келесі жылы үй сүріліп, орнына жаңа үй салынады деп айтқан еді. Одан бері осы аумақта қанша үй салынса да, бізге сол қалпы баспана берілмеді. Мына үйлердің ешқайсысында су, газ жоқ. Дәретхана сыртта орналасқан. Әкімдік өкілдері келе бермеңіз маған маған мазамды алып. Үйдің уақыты келгенде аласыз. Я болмаса үйіңізді көтеріп алып кетіңіз. Үй сіздікі, жер біздікі деді әкімдіктегілер", - дейді тұрғын.
Бұл жерде тұратындардың көбі зейнет жасына шыққан адамдар. Үйлері құлай қалса үйіндінің астынан шығуға дәрменсіз.
Үйдің қабырғасы ылғал тартып, қақаған суықта мүлде жылымайды екен. Салдарынан коммуналдық төлемге кемі 30 мың теңге төлеуге мәжбүр.
"Мен өзім Семей полигонына қатысқандардың бірімін. Күйеуім ІІ топтағы мүгедек. Осы жерде 2007 жылдан бері тұрамын. Досаевқа айтпақ болғанымда, жергілікті әкім немене қайта-қайта келе бересіңдер деп қайтарып тастады. Тышқан мен қандала өріп жүр. Үй төменге түсіп барады. Қыс бойы үйіміз жылымайды. Коммуналдық төлемге 30 мың теңге төлеп отырмыз", - дейді тұрғын Гүлнар Жұмадилова.
Жұбан Молдағалиев 13, 15, 17 мекенжайының тұрғындарының базынасы бітпейді. Әлдекімдер есік алдындағы сарай мен көлік тұрақтарын өртеп жатыр екен. Бізді көшіп кетсін деп әкімдіктің әдейі жасаған әрекеті ме деп күдіктенеді.
Түрксіб ауданының орталығында орналасқан үйлердің тұрғындары ауылдағыдай дәретхананы сыртқа орнатқан. Сараймен бірге жанып кеткен дәретханынын орнына жаңадан алтауын орнатыпты.
"Есік алдындағы сарай, көлік тұрағы өртеніп кетті. Бұған әкімдік мүлде назар аудармады. Тіпті қоқысын да тегістеп бермеді. Әжетхананы 25 мың теңгеден сатып алып әр үйге бір-бірден қойдырдық. 21 ғасырда Алматының орталығында осындай үйдің болғаны ұят", - дейді тұрғындар.
Шұрық-тесік шатырдан электр желісінің үстіне тамшылап су ағады. Бірнеше мәрте өрт те тұтаныпты. Тұрғындар түні бойы кезек-кезек күзететін көрінеді.
Бұл үш үйде 60-тан аса адам тұрады. Тұрғындардың сөзінше, 3 үйдің адамы бір подъездге сыйып кетеді екен.
Ал Түрксіб ауданы әкімдігінің өкілдері бұл аумақта осы тектес 8 үй бар екенін айтты. Онда 102 пәтер бар. Жоғарыда 100-ден аса отбасы деуіміз де сондықтан. Ал тұрғындар мәселесіне орай 3 үй 2025 жылы сүріліп, жаңа қонысқа көшірілетінін жеткізді.
"Молдағалиев көшесіндегі 3 үй сол аумақта салынып жатқан жаңа үйлерге көшіріледі. Ал қалған 5 үйдегі халық сол орынға салынған үйге орналастырылады. Бұл жұмыстар 2024-2025-те басталады деп жоспарланып отыр. Шамамен 2025 жылы тұрғындар көшіріледі", - деді Түрксіб ауданы ТҮКШ бас маманы Болат Байділдаев.
Ал ескі үйлерде тұрып жатқан тұрғындардың қауіпсіздігіне әкімдік өкілі "Үйлердің барлығы жеке меншікке қарағандықтан біз жауап бермейміз" дейді. Жауабы шатыры опырылып түсе ме, қабырғасы қирап қала ма бізге бәрібір дегенге саяды.
Себебі біз көзбен, сіз суреттен көрген үйлер апатты деп танылмаған. Ол үшін тұрғындар арнайы сарапшы маман жалдап, апатты екенін дәлелдеуі керек.
Ал жалпы Түріксіб ауданында осы тектес 591 үй бар. 2013 жылдан күні бүгінге дейін оның бар-жоғы 32-сі сүріліпті. Ал жергілікті жауаптылардың өнімсіз тірлігіне көңілдері толмайтын тұрғындар талаптарын мемлекет басшысы естісе дейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!